Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық қауіпсіздік, ақпараттандыру және цифрлық активтер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды мақұлдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Парламент Мәжілісінің депутаттары бастамашылық жасаған заң дербес деректерді қорғауды күшейтуге және цифрлық майнинг жөніндегі қызметті реттеуді құқықтық жетілдіруге бағытталған. Осы мақсатта Қазақстан Республикасының төрт кодексіне және он заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
Сенатор Бибігүл Жексенбай қазіргі уақытта дербес деректерді қорғауда мемлекеттік бақылау болмағандықтан, интернет алаяқтардың көбейіп, олардан мыңдаған қазақстандық зардап шегіп жатқанын айтады.
Заң дербес деректердің айналымы мен сақталуы бағытында мемлекеттік бақылауды күшейтеді. Дербес дерекке ие операторлармен профилактикалық жұмысты жолға қояды. Әр оператор дербес деректер жария болып кеткен жағдайда реттеуші мемлекеттік органға хабарлауы заңмен бекітіліп отыр. Екіншіден, арнайы мемлекеттік ақпараттық қауіпсіздік Орталығының функциялары кеңейтіледі. Орталық мемлекеттік органдардың ақпараттандыру объектілеріне өзара әрекеттесу бағдарламасымен толықтырылады. Қазір еліміз бойынша 350-ге жуық мемлекеттік ақпараттандыру нысандары жұмыс істейді. Орталық Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің жанында жұмыс істейтін болады,-деді Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай.
Сондай-ақ Заң бойынша жеке басты куәландыратын құжаттардың көшірмелерін жинауға, өңдеуге тыйым салынады. Сонымен қатар алаяқтық әрекеттерден қорғау мақсатында адамдарға «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы банктік қарыздар мен микрокредиттер алудан ерікті түрде бас тартуды белгілеу құқығы беріледі.