Бүгін таңғы сағат 7-де Семей қаласының аумағында 149 сайлау учаскесі өз есігін айқара ашты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары атап өткендей, қала тұрғындары таңертең өз таңдауын жасау үшін белсенді түрде келді. Дауыс берушілердің алдыңғы қатарында ересек адамдар, қоғам қайраткерлері, өнер және мәдениет саласының адамдары, қалалық мәслихат депутаттары және барлық белсенді қала тұрғындары бар. Тұрғындарды ұзақ уақыттан кейін, алғаш рет, ел президентін сайлауға облыс орталығы мәртебесінде қатысқаны ерекше қуантады.
Сайлауға өз дауысымды беруге келдім. Халқымыз үшін, халқымыздың жағдайы үшін, тыныштық үшін, жер бетіндегі ұрпақтарымыздың амандығы үшін. Жер бетінде ешқандай соғыс болмасын, сайланған Президентіміздің аяғы құтты болып, біздің Елімізге - Қазақстан Республикасына бақыт әкелсін!
Көңіл-күйім өте жақсы, осы дауысымды беру үшін күндерді санап жүрдім. Ешқандай заң бұзушылық байқаған жоқпын, бәрі жақсы!,- деді 77 жастағы Айтжан Түкішқызы.
Естеріңізге сала кетейік, Семейде 232 мыңнан астам сайлаушы тіркелген.
Сайлаудың ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз ету үшін дауыс беру орындарында бейнебақылау жүргізіледі. Сондай-ақ, дауыс беру барысын бақылайтын бақылаушылар жұмыс істейді.