Семейлік студенттерге сайлау заңнамасы түсіндірілді

19 Қазан 2022, 16:28
1163
Бөлісу:
Семейлік студенттерге сайлау заңнамасы түсіндірілді

«Әділ сайлау үшін» штабының мүшелері Семейдегі Әлихан Бөкейхан университетінің студенттеріне сайлау заңнамасын түсіндірді деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі. 

«Әділ сайлау үшін» штабы Әлихан Бөкейхан университетінің студенттерімен «Сайлауға қатысу – әркімнің азаматтық борышы» тақырыбында сайлау заңнамасын түсіндіру бойынша кездесу өткізді. 

Іс-шараға заң кеңесшілері, адвокаттар, нотариустар, жеке сот орындаушылары, үкіметтік емес ұйымдардың, азаматтық қоғамның басқа да өкілдері қатысты.

Кездесу модераторы заң ғылымының докторы, профессор Майгүл Матаева жаңа Қазақстанның сайлау заңнамасындағы өзгерістер туралы, осы оқиғаның әр азаматтың өміріндегі маңызы туралы айтты.

Штаб мүшесі, танымал ғалым-заңгер, профессор Ермек Әбдірасылов алдағы сайлаудағы отандық сарапшылардың рөлі, сайлаудың елде жүріп жатқан реформаларға, президенттік мерзімнің өзгеруі саяси жүйеге қалай әсер ететіні туралы егжей-тегжейлі тоқталды.

Біздер – заңгерлер дауыс берудің таза әрі ашық өткенін қалаймыз. Ол үшін бәріміз заңды, өз құқығымызды білуге міндеттіміз. Әділ сайлау дегеніміз – заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес өткізілген сайлау. Біздің әрқайсымызға үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Бір айдан соң біз маңызды таңдау жасауға тиіспіз, ол – президентті сайлау. Науқанға азаматтарымыздың белсенді түрде қатысқаны жөн, – деді ол.

Заң ғылымының докторы Индира Әубәкірова сайлау өткізу еліміздің саяси жүйесін толық қайта жүктеуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Сайлау науқанының басқа да маңызды тұстарын университет проректоры Айрат Бәзенов жеткізді.

Қатысушылар сайлау үрдісіне қызығушылық танытып, қызықтырған сұрақтарын қойды.

Штабтың алғашқы ауқымды іс-шарасына университет басшылығы мен оқытушылары қолдау білдіріп, түсіндіру жұмысының маңызын атады, ризашылықтарын жеткізді.

Бұрын хабарланғандай, осы жылдың 27 қыркүйегінде еліміздің заңгерлер қауымдастығын біріктіру мақсатында «Қазақстан заңгерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі жанынан «Әділ сайлау үшін» штабы құрылған болатын. Мақсаты – сайлау заңнамасының негізгі ережелерін түсіндіру, сайлау процесіне қатысушыларға құқықтық көмек көрсету және азаматтық қоғам, халықаралық ұйымдар өкілдерімен өзара әрекеттесу. 

Өзгелердің жаңалығы