Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Семейлік адвокат лицензиясынан айырылмайтын болды

12 Қыркүйек 2025, 22:53
570
Бөлісу:
 istockphoto.com
Фото: istockphoto.com

Семейлік адвокат полиция қызметкерімен туыстық қарым-қатынасына байланысты лицензиясынан айырылмайтын болды. Бұл туралы Абай облысы соттарының біріккен баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Әділет министрлігі сотқа талап беріп, адвокаттың ұлы тергеп жатқан қылмыстық іс бойынша күдіктіні қорғауға кіріскенін алға тартқан. Ведомство мұны мүдделер қақтығысы деп бағалап, лицензиясынан айыруды сұраған.

Алайда бірінші сатыдағы сот талапты қанағаттандырудан бас тартты.

Адвокат тергеу судьясының шешімімен істен дер кезінде шеттетілген. Күдіктінің құқықтары бұзылмаған, тергеу әрекеттері заңды деп танылды. Іс нәтижесіне әсер ететін нақты қақтығыс анықталған жоқ, – делінген хабарламада.

Сонымен қатар, сот адвокаттың әрекеттері тәртіптік комиссияларда, соның ішінде республикалық деңгейде қаралғанын және олардың шешімдері күшінде екенін атап өтті.
Заңға сәйкес, лицензиядан айыру тек өрескел немесе қайталанған кәсіби этика бұзылған жағдайда мүмкін.

Апелляциялық алқа да бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды.

Өзгелердің жаңалығы