Семейдің медициналық және ғылыми әлеуеті артып келеді

9 Ақпан 2022, 09:14
1935
Бөлісу:
Семейдің медициналық және ғылыми әлеуеті артып келеді

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Семей медициналық университетінің ауруханасында жыл сайын 20 мың пациент медициналық көмек алады.

Университет жанындағы госпиталь еліміздегі құрамында балалар мен ересектер стационары, консультативтік-диагностикалық емханасы бар жалғыз көпсалалы мекеме болып келеді. Ауруханада сонымен қатар балалардың травматологиялық пункті, күндізгі стационар, параклиникалық бөлімше жұмыс істейді. Мұнда жыл сайын 20 мың пациент медициналық көмек алады. 

Университет жанындағы госпитальдің басты жұмыс қағидалары ғылымның, тәжірибе мен білімнің үштұғырлығына негізделген. Аурухана жоғары оқу орнының түрлі медициналық мамандықтар бойынша білім алатын студенттерінің өз білімдері мен дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік беретін ірі клиникалық базасы саналады. Мұнда бірінші кезекте халыққа жоғары сапалы медициналық қызмет көрсете отырып, алдыңғы қатарлы ғылыми зерттеулер жүргізіледі. 

Арнайы сапармен Семей шаһарына келген аймақ басшысы Даниал Ахметов ат басын аталмыш мекемеге де бұрды. Госпиталь басшылығы облыс әкімін аурухананың мүмкіндіктерімен, жетістіктерімен таныстыра отырып, соңғы жылдары кең көлемде енгізілген ауыр дерт түрлерін емдеу және диагностикалау әдістерін паш етті. Бұдан бөлек, жоғары технологиялық құрылғылармен таныстырып, тек университет базасында ғана істелетін күрделі оталарды көрсетті. Материалдық-техникалық база да таныстырылып, жақын жылдары жүзеге асырылатын міндеттер мен мақсаттар айтылды. 

Біздің басты міндетіміз – халыққа жоғары сапалы медициналық көмек көрсету болып табылады. Ол үшін атқарушы органдар мен өңірдің барлық медициналық мекемелерінің қоян-қолтық жұмыс істеуін қамтамасыз етуіміз керек. Бұл бағытта біз бірлесе жұмыс істейтін боламыз, - деді Даниал Ахметов. 

Университет ұжымымен кездесу соңында ол медициналық қызметтердің сапасын көтеруге бағытталған бірқатар тапсырмалар берді. Облыс басшысы Семей қаласының алдағы уақытта ғылым мен медицина орталығына айналуын қалайтынын атап өтті. Өйткені, соңғы уақытта қаланың әлеуметтік саласы дамыған медициналық мекемелермен және оқу орындарымен толығып келе жатқаны белгілі. Атап айтсақ, Онкологиялық диспансердің Ядролық медицина орталығында өткен жылы елімізде алғаш рет радионуклидті терапия бөлімшесі ашылып, бүгінде 230-дан астам пациент радиоактивті йодпен емделіп үлгерген. 

 

Өзгелердің жаңалығы