Семейдегі "Большой Остров" саяжайының тұрғындары қалаға шығатын жалғыз көпірдің жөнделуін талап етеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бірер күн бұрын Ертіс өзені арнасынан асып, аспалы көпір айтарлықтай бүлінген. Қазір 200-ден аса адам мекен ететін саяжайдан халық біртіндеп көшіп жатыр. Ал барар жері жоқтар амалсыздан сонда қалуға мәжбүр. Саяжай "Суық бастау" кентіне қарайды. 200-ден астам үй түтін түтетіп отыр. Қалада пәтерлері барлар сонда көшіп кеткен. Бірақ 20-ға жуық отбасы осында қысы-жазы тұрады. Өйткені саяжай олардың жалғыз баспанасы.

Тағы су келсе, бұл көпір құлайды. Қазірдің өзінде үстін мұз басып қалды. Бұл саяжайда қарт адамдар көп. Үйлерінен шыға алмайды. Ертең су тасыса олар не істейді? Екі аралықты жалғап тұрған көпірімізді жөндеп берсе екен дейміз, - деді қала тұрғыны Икен Қараханова.
Тұрғындардың пайымынша көпірдің бүлінуіне Шүлбі СЭС себеп. Соңғы күндері станциядан су шамадан тыс жіберілді. Соның кесірінен көпірді су алып кетті дейді.

Ал мамандар бұл ақпаратты жоққа шығарады. Жергілікті әкімдік те жағдайдан хабардар. Олар тәулік бойы тұрғындармен байланыста екендерін айтып отыр. Қазір саяжай тұрғындарына еш қауіп төніп тұрған жоқ.
Фариза Талғатбек