Абай Құнанбайұлының мерейтойына дайындық аясында орталық мешіт жаңартылмақ, деп хабарлайды BAQ.kz тілшісі.
Семей қаласының әкімі Талғат Батырұлы облыс орталығындағы Абай Құнанбайұлы мешітінде болды. Оның барысында Абай облысының бас имамы Асқар қажы Әбітайұлымен кездесіп, мешіт ішін жаңарту қазақы ою-өрнектермен безендіру жұмыстары талқыланды.
Алда Ұлы ақын Абайдың 180 жылдық мерейтойы келе жатыр. Қаламызға арнайы келген қонақтар орталық мешітке соқпай кетпейді. Сол үшін қажетті жұмыстарды қолға алуымыз қажет, - деді қала әкімі Талғат Мұратов.
Сондай-ақ орталық мешіттің сыртына қосымша жарық орнатып, ағаштар егу абаттандыру жұмыстары туралы айтылды.
Айта кетейік, биыл Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толады. Елеулі дата елеусіз қалмайтыны сөзсіз.
Шұғыла Сұлтанмахмудова