Бұл туралы Семей қаласының әкімдігі мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әкімдік не себепті мұндай шешім қабылданғанын түсіндірді.
Қаланың басты шыршасының шамдарын жағу салтанаты 25 желтоқсанға ауыстырылғанын хабарлаймыз. Бұл шара Семейге Coca-Cola мерекелік керуені келетін күнге шегерілді. Қала тұрғындары мен қонақтарына ертегідей атмосфера сыйлау мақсатында ұйымдастырылған шара барысында баршаңыз керуенмен және шыршамен естелік суретке түсе аласыздар, - делінген әкімдік хабарламасында.
Сонымен қатар әкімдік жалған ақпарат тарап жатқанын ескертті.
Кейбір дереккөздерде шыршаның көлденең тіреуіші жоқ деген жалған ақпараттың тарағанын назарларыңызға саламыз. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Шырша құрылысы толық аяқталған және барлық белгіленген талапқа сай келеді, - деп түсіндірді баспасөз қызметі.
Бұған дейін Семей әкімдігі шыршаның шамдары 22 желтоқсан күні жағылатынын хабарлаған еді.
Еске сала кетейік, 22 желтоқсанда Семейде шыршаны безендірген мұғалім ауыр жарақат алғаны белгілі болды.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жаңажылдық шыршаны безендіруге тарту және әріптесіміздің жарақат алуы заң бұзушылықтың айқын көрінісі екенін айтты.
Сонымен қатар Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов те мұғалімдерді міндетіне сай емес жұмыстарға тартуды тоқтату керегін айтып, мәселеге қатысты өз ұсыныстарын айтқанын жаздық.
Кейін Семей қаласында мұғалімдерді жаңажылдық шыршаны безендіруге тарту фактісі бойынша Абай облысының білім басқармасы барлық мән-жайды анықтау үшін қызметтік тексеріс бастағаны айтылды.