Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Семейде шырша құру кезінде құлаған мұғалімнің толық сауығып шыққанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Журналист министрге "Семейде шыршаны әрлеу кезінде жазатайым жағдайға тап болған мұғалім туралы сұрағым келеді. Әкімдік жауап берген кезде ерікті ретінде тартылған деді. Бәлкім мұғалімдерді ерікті ретінде тартуға тыйым салу қажет шығар? Жалпы осы оқиғадан кейін құқықтық нормативтерге өзгеріс енгізіле ме?" деген сауал қойды.
Маған мұғалімнің сауығып шыққаны туралы хабар жетті. Мен бұл мәселені бақылуымда ұстап отырмын. Жазалатын адамдар жазаланды. Бұл жағдай көбіне тиісті үлгі болуы керек, – деді Бейсембаев.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев аталған мәселеге қатысты тапсырма бергенін айтады.
2019 жылы қабылданған заңның аясында мұғалімдерді қандай да бір қосымша, өзінің мамандығына сәйкессіз жұмыстарға тартуға болмайды. Осы заң орындалуы қажет. Екіншіден, бұл заң жергілікті өңірлерде қаншалықты орындалып жатыр деген сұрақ. Қазіргі таңда жергілікті департаменттер аталған мәселеге қатысты тексеріс жүргізуде, – дейді Ғани Бектайұлы Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифингте.
Вице-премьер Тамара Дүйсенова да әріптесінің сөзіне қосылды.
Мұғалімнен басқа да мамандықтар болсын, өзінің профиліне сәйкес емес жұмыстарға тарту - заңсыз, – деп қосты ол.
Еске сала кетейік, 22 желтоқсанда Семейде шыршаны безендірген мұғалім ауыр жарақат алғаны белгілі болды.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жаңажылдық шыршаны безендіруге тарту және әріптесіміздің жарақат алуы заң бұзушылықтың айқын көрінісі екенін айтты.
Сонымен қатар Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов те мұғалімдерді міндетіне сай емес жұмыстарға тартуды тоқтату керегін айтып, мәселеге қатысты өз ұсыныстарын айтқанын жаздық.
Кейін Семей қаласында мұғалімдерді жаңажылдық шыршаны безендіруге тарту фактісі бойынша Абай облысының білім басқармасы барлық мән-жайды анықтау үшін қызметтік тексеріс бастағаны айтылды.
Осыдан кейін шырша безендіремін деп жарақат алған мұғалімнің кім екені білгілі болды.
Ал Семейде Жаңа жыл шыршасының шамын жағу 25 желтоқсанға ауыстырылды.