Семейде Шымкент қаласының мәдениет күндері қорытындыланып, Абай атындағы драма театрда «Шежірелі Шымкенттен – Ұлы Абай еліне» атты гала-концерт өтті. Іс-шараға оңтүстіктен 200-ге жуық адамнан құралған делегация келді, деп хабарлайды BAQ.KZ Абай облысы әкімдігіне сілтеме жасап.
Гала-концерт алдында Абай облысының әкімі Берік Уәли мен Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек құттықтау сөз сөйледі. Берік Уәли екі өңір арасындағы мәдени байланыстардың нығайып келе жатқанын атап өтіп, Шымкент әкімдігіне алғыс білдірді.
Облыс әкімі Абай облысының қайта құрылуы өңірдің мәдени және рухани өміріне серпін бергенін айтып, соңғы айларда бірнеше облыстың өнер ұжымдары Семейде өнер көрсеткенін жеткізді. Сонымен қатар Шымкенттің Абайдың 180 жылдығына арналған «Абайға құрмет» акциясына алғашқылардың бірі болып қосылғанын, екі жаңа мәдени нысан – шығармашылық орталық пен мәдениет үйін салып беруге кіріскенін атап өтті.
Өз кезегінде Сәрсен Құранбек екі өңір арасындағы ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілгенін айтып, жылы қабылдау үшін жергілікті жұртшылыққа алғыс білдірді. Оның айтуынша, шымкенттік өнерпаздар Абайдың 180 жылдығына орай Семейге биыл төртінші рет келіп отыр.
Гала-концертте Қазақ ұлт-аспаптар оркестрі, Шымкент цирк-эстрадалық оркестрі, «Қаған» этно-фольклорлық ансамблі, «Қазына» би ансамблі және бірқатар танымал әншілер өнер көрсетті.
Концерт алдында көрермендер Абай театры фойесінде өткен «Көне қала – Шымкент» көрмесін тамашалады. Экспозицияда 2200 жылдық тарихы бар шаһардың археологиялық мұралары, этнографиясы мен тарихи фотосуреттері ұсынылды.