Бүгін Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов Конституция күнін мерекелеу қарсаңында мемлекеттік тұрғын үй қорында «Көпбалалы отбасы» санаты бойынша кезекте тұрған 10 отбасына Комсомол кентінен жеке тұрғын үйлердің кілтін табыстады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Аталған тұрғын үйлер сатып алу құқығынсыз жалдамалы тұрғын үйлер болып табылады.
Бүгін 10 отбасыға Комсомол кентіндегі Бөдене көшесіндегі үйлерден баспаналы болды. Маусым айында 27 отбасыға Қарағайлы ықшам ауданынан пәтер кілттерін табыстаған болатынбыз. Ал бүгін қаламыздың сол жағалауында жер үйдің кілттерін табыстап отырмыз. Баспана иелерін – осындай айтулы күнмен шын жүректен құттықтаймын! Жаңа үйлер берекелі болып, барша шаңыраққа қуаныш әкелсін, - деді қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов.
Айта кетейік, ағымдағы жылдың қыркүйек айының соңына дейін Комсомол кентінен тағы 32 көп балалы отбасы баспаналы болмақ. Сондай-ақ, Семей қаласы бойынша үй кезегінде 13 000-нан астам қала тұрғындары тіркелген. Осыған орай, Қарағайлы ықшам ауданында 26 бюджеттік көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 2023 жылдың соңына дейін мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып жатқан 15 көпқабатты тұрғын үйдің (487 пәтер) құрылысын аяқтау жоспарлануда.