Семейде автобус жүргізушісіне қол көтерген ер адам ұсталды. Бұл туралы Абай облысы ПД баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Семей қаласында 45 жастағы ер адам автобус жүргізушісіне жолаушылар көзінше қол көтеріп, қоғамдық тәртіпті өрескел бұзды. Бұзақылық сәті бейнежазбаға түсіп, әлеуметтік желілерде тарағаннан кейін полиция жедел әрекет етті.
Шұғыл іздестіру шаралары нәтижесінде күдікті азамат анықталып, учаскелік полиция пунктіне жеткізілді. Қазіргі уақытта оған қатысты Қылмыстық кодекстің “Бұзақылық” бабы бойынша іс қозғалды. Материалдар жақын күндері сотқа жолданады, - делінген хабарламада.
Бұған дейін Семейде жолаушылардың бірі рөлде отырған қоғамдық көлік жүргізушісіне соққы жұмсағанын жазғанбыз.