Семейде жылу желілерін қайта жаңғырту қарқынды жүргізілуде, деп хабарлайды BAQ.KZ Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биыл ұзындығы 3 761 м болатын ОЖП-518 кварталішілік жылу желілерін және ұзындығы 3 915 м болатын ОЖП-401-ні қайта жаңартуға бюджеттік өтінім қолдау тапты. Қаржы республикалық қазынадан және облыстық бюджеттен трансферттен бөлінген. ⠀
Жылыту маусымына дер кезінде дайындалу мақсатында облыс әкімінің орынбасары Д.Гариков көшпелі жиын өткізіп, жылу магистральдарын қайта жаңғырту пункттерін аралады. Оған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы, «Теплокоммунэнерго» директорының орынбасары және «ВостокКотлы» мердігер ұйымының өкілдері қатысты. ⠀
Би-Боронбай және Физкультурная көшелеріндегі жобаларды жүзеге асыру сол жағалаудағы тұрғындарды үздіксіз жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жұмыстарды сапалы орындау үшін жергілікті атқарушы органдар тұрақты мониторинг жүргізеді. ⠀
Мердігер компания магистральдық құбырлардың бір бөлігін ауыстыруға кірісті. Қазір нысанды жабдықтарды, жылумен, суық сумен, электрмен қамту құбырларын бөлшектеу, сондай-ақ жаңа ғимараттың іргетасын қалау үшін қазаншұңқыр дайындау аяқталды. ⠀
Жылу жолдары нүктелерін аралаған Д.Гариков мердігер ұйым өкілдеріне барлық жұмысты сапалы әрі уақытында атқаруды қатаң тапсырды. ⠀
Жұмысты қарқынмен жүргізіп, бекітілген кестеге сәйкес аяқтау қажет. Содан кейін жылу желілерінің дайындығына мұқият тексеру керек. Қыркүйекке дейін, яғни 8 апта ішінде жөндеу жұмыстары аяқталуы керек, - деді Гариков.