Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Семей спорт академиясының қос шәкірті Мажарстаннан олжалы оралды. Бұл туралы altaynews.kz сайты хабарлады.
Будапешт қаласында жасөспірімдер арасында өткен бүкіләлемдік ойындарда еркін күрестен сынға түскен Дарын Әскербек финалға дейін алқынбай жетіп, тек шешуші белдесуде ғана сүрінді.
Грек-рим күресінен бозкілемге шыққан Хамит Оңдасынов та финалдық кездесудегі қарсыласынан ұтылып, күміс жүлдеге ие болды.
Айта кетейік, аталған додаға Семей спорт академиясынан қос спортшы аттанған болатын. Оның екеуі де үмітті ақтап, жүлделі орыннан көрінді. Бұл ретте Семей спорт академиясының директоры Мерей Көшкінов бастаған бапкерлік құрамның да еңбегін атап өткен орынды.