Азат Перуашев Семейге республикалық маңызы бар қала мәртебесін беруді ұсынды

18 Желтоқсан 2019, 13:12
3008
Бөлісу:
Азат Перуашев Семейге республикалық маңызы бар қала мәртебесін беруді ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Азат Перуашев Семейге республикалық маңызы бар қала мәртебесін беруді ұсынды.

Келесі жылы президенттің жарлығымен Абайдың 175 жылдығы мемлекеттік деңгейде аталып өтеді. Ғасырлардың тоғысында ұлтымызды оятушы да, ұялтушы да Абай. Ол ұлттық әдебиетке ғана емес, сонымен бірге халқымыздың дамуына, өркениетке, ағартушылыққа өлшеусіз үлесін қосты. Абай тұтастай бір ұлттың санасына төңкеріс жасап, оны сол кездегі прогресшіл әлемнің деңгейіне шығаруға тырысты. Алаштың да негізгі ұстанымдарын да Абайдан іздеу керек. Мұхтар Әузеов "Абая жолы" эпопеясын жазып, Абай феноменін әлемге танытты, - дейді Азат Перуашев.

Ол Абай туралы айтқан, жазған Алаш қайраткерлері Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулаттардың сөздерін мысалға келтірді. 

Президент Тоқаевтың жарлығынан кейін Абай елі Семей жерінде бірқатар шара қолға алынды. Семей қаласы мен аймағын көтеруге бұрын-соңды болмаған қаржы бөлініп жатыр. Әрине, халық та Семей қаласының өркендеуіне қуанып жатыр. Семей - Алашорда қазақ автономиясының астанасы болған, солтүстік шекараның бойында орналасқан, 330 мың халқы бар. Облыс орталығы емес қалалардың арасында ең үлкені. Цемент, көмір, жеңіл өнеркәсіп, ұн т.б ірі өндірістер орналасқан өңір. Абайдың мерейтойынан кейін де қол жеткізген дәрежеден түспеу керек, - дейді депутат.

Осы ретте ол премьер-министр Асқар Маминнен Семейге республикалық қала мәртебесін беру туралы президентке ұсыныс жасауды өтініп, хат жолдады.

Былтырғы жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен ежелгі Түркістан қаласы облыс орталығына айналып, ал Шымкент шаhарына республикалық дәреже берілді. Бұл шешім Түркістан аймағын қайта түлетуге ықпал етті. Осы орайда Семей қаласына да "тиісті мәртебе берген дұрыс" деп ойлаймын. Құрметті Асқар Ұзақбайұлы (премьер-министр Мамин - авт.) Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы Заңның 3-бабына сәйкес, республикалық маңызы бар қалаларға ерекше мемлекеттiк маңызы бар немесе халқының саны бiр миллион адамнан асатын елдi мекендер жатады. Біздің ойымызша, Семей - ерекше мемлекеттiк маңызы бар қала. Оған республикалық мәртебе берген дұрыс болар еді. Сондықтан Үкімет басшысы ретінде президент ұсыныс енгізуіңізді сұраймын, - деді Перуашев.

Өзгелердің жаңалығы