Семей қаласында Қазақстан Халық партиясы өкілдері медицина қызметкерлерімен кездесті

Партия медициналық қызметтің сапасын жасанды интеллект қолдану арқылы бақылайтын ұлттық цифрлық жүйе құруды ұсынады.

 7 Тамыз 2026, 21:45
7 Тамыз 2026, 21:45
100

Қазақстан Халық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар Семей қаласының медицина қауымдастығы өкілдерімен кездесті. Кездесуде ҚХП-ның денсаулық сақтау саласындағы сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары талқыланды.

Қазақстан Халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов атап өткендей, заманауи денсаулық сақтау жүйесі қолжетімді, сапалы әрі адамға бағытталған болуы тиіс.

– Дәрігерлер үнемі құжат толтырумен айналыспай, науқастарды емдеуі керек! – деп атап өтті ол.

Партия медициналық қызметтің сапасын жасанды интеллект қолдану арқылы бақылайтын ұлттық цифрлық жүйе құруды ұсынады. Партия өкілдері ауылдық жерде жұмыс істейтін дәрігерлердің жалақысын арттыруды қолдайды.

Бастамалар қатарында өңірлердің нақты мамандарға деген ұзақмерзімді қажеттілігіне негізделген медицина кадрларын мақсатты даярлау жүйесін енгізу, сондай-ақ оқу орнын жаңадан бітірген медицина мамандарына көтерме төлем, қызметтік баспана, жеңілдетілген ипотека және басқа да қолдау шаралары бар.

Халық партиясы әр азаматқа өзінің медициналық тарихына, тексеру нәтижесіне, дәрігердің еміне және емдеу туралы ақпаратқа толық қолжетімділік беретін бірыңғай цифрлық кабинет енгізуді ұсынады.

Бұл ретте жүйе дербес деректердің қорғалуы мен медициналық құжаттаманың ашықтығына кепілдік беріп, мәліметтерді негізсіз өзгерту мүмкіндігін болдырмауы тиіс. Бұл пациенттердің құқығын қорғап, медициналық құжаттарға негізсіз тіркеу мен жалған мәлімет енгізуге жол бермейді. Сонымен қатар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметін толығымен ашық етуді жақтайды.

Шоқанов паллиативтік көмек көрсету жүйесін кеңейтудің маңыздылығына жеке тоқталды. Оның айтуынша, әсіресе ауыр дертке шалдыққан балаларға көрсетілетін көмекке айрықша назар аудару қажет.

– Халық партиясының депутаттық бастамаларынан кейін елімізде балаларға паллиативтік медициналық көмек көрсетудің мемлекеттік стандарты бекітілді, – деді ҚХП төрағасы.

Халық партиясы медицина қызметкерлері өздерінің абыройлы еңбегіне лайықты ақы алуы керек деген бастаманы алға ілгерілетіп, Қазақстанның әрбір азаматының дер кезінде сапалы және заманауи медициналық көмек алуына қол жеткізуіне ықпал етуді әрі қарай да жалғастыра береді.

Наверх