"Семей орманында" санитарлық кесу жұмыстары жүріп жатыр

13 Қыркүйек 2024, 14:45
323
Бөлісу:
"Семей орманында" санитарлық кесу жұмыстары жүріп жатыр
Фото: ТЖМ

ТЖМ әскери қызметшілері «Семей орманында» орманды санитарлық кесу жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы шеңберінде Төтенше жағдайлар министрлігінің Қасым Қайсенов атындағы 68303 және Бауыржан Момышұлы атындағы 28237 әскери бөлімдерінің әскери қызметшілері өрт салдарын жоюға қатысуда және «Семей Орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының аумағында орманды санитарлық кесу жұмыстарын жүргізуде.

«Семей Орманы» МОТР Абай облысының ең ірі орман алқабы, сондай-ақ өңірдің биоәртүрлілігін қорғауда шешуші рөл атқарады. Алайда 2023 жылдың жазында болған ірі орман өртінің салдарынан бұл ерекше орман алқабы зардап шекті.

Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, Экология және табиғи ресурстар министрлігіне көмек ретінде Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқару әскери құралымдары жіберілді. Өзара іс-қимыл елдің экономикалық және экологиялық қауіпсіздігіне қол жеткізу үшін мемлекеттік міндеттерді орындау мақсатында ұйымдастырылған.

Әскери құтқарушылар инженерлік техника мен арнайы жабдықтың көмегімен аумақты күйген орман ағаштарынан тазартуды, зақымдалған ағаштарды санитарлық кесуді, сондай-ақ зиянкестердің сау орманға таралуын болдырмайтын алдын алу шараларын жүргізеді.

Уақтылы және сапалы санитарлық кесу орманның жағдайын жақсартып қана қоймай, сонымен қатар табиғат пен жергілікті тұрғындарға зиян келтіруі мүмкін ауқымды апаттардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Бұдан басқа өрт қауіпті кезеңге ТЖМ әскери бөлімдерінен табиғи өрттердің алдын алу және профилактикалық іс-шараларын жүргізу үшін мемлекеттік табиғи парктерде өрт сөндіру бекеттері қойылатын болады.

Өзгелердің жаңалығы