Семей ормандарында 29 млн қарағай көшеті егіледі

Кеше, 19:36
184
Бөлісу:
Семей ормандарында 29 млн қарағай көшеті егіледі
Фото: BAQ.KZ -архив

Абай облысындағы алапат өрт былтыр қарағайлы орманның 63 мың гектарын жайпап кеткен еді. Өрт сөнгенмен оның зардабы көпке дейін ұмытылмайтыны анық, деп хабарлайды BAQ.KZ Хабар24-ке сілтеме жасап.

Қазір от шалған аймақта орманды қалыпқа келтіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Биыл өңірде 29 млн көшет егіледі. Семей орманы резерватындағы Түмен орман шаруашылығында 2003 жылы өрт шығып, 7 мың гектарды күлге айналдырған. Содан бері орманшылар өртенген аумақты түгелдей қалпына келтірген. Алқапқа 6 жыл бұрын егілген қарағай көшеттері бүгінде жайқалып өсіп тұр. 

2003 жылы болған өрттен кейін орман алқабын қалыпқа келтірдік. 2018 жылға дейін көктемгі және күзгі маусымда үздіксіз көшет ектік. Мәселен, күзде 150 га жерге көшет егілсе, көктем келгенде бұл аумақ 450 га дейін ұлғаяды. Бұл көшеттердің барлығы Семейдегі орман тәлімбағы кешенінде өсіріледі, - деді Түмен орманшылығының басшысы Сергей Грошев.

Бұл жерде 3 жылыжай жұмыс істеп тұр. Маусым сайын әрқайсысынан 536 мың қарағай алынады. 

Семей орманына осы жерден өткізіледі. Осы қазан айында апарып отырғызылады. Орманда болады. Қыста біз балқарағайды кептіреміз. Тұқым аламыз, соның бәрін көктемге дайындаймыз. Ағаштар отырғызылған соң касеталардың бәрін жинап, жуамыз. Көктемге дайындық жүреді, - деді орман тәлімбағы кешенінің қызметкері Қайрат Атажанов.

«Семей орманы» табиғи орман резерватының басшылығы кешенді жоспар әзірлеген. Орманшылар 2027 жылға дейін 28 мың га аумаққа 133 млн қарағай көшетін егуді жоспарлап отыр. 

Резерват құрамында 9 ағаш тұқымы стансысы бар. Біреуі – орман тәлімбағы кешені. Ол жерден қысқа уақыт аралығында қарағай тұқымдарын аламыз. Ағаш тұқымын өзіміз жинап, өзіміз өңдейміз. Жылына шамамен 1200 келі тұқым алынады, - деді табиғи кешендерді дамыту бөлімінің басшысы Замира Ғалиева.

Кешенді жоспар аясында орман шаруашылығына 46 трактор мен 40 ағаш егетін техника алынған. Ал отқа оранған 63 мың гектар алқапты желектендіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Мамандардың есебінше, өртенген қарағайлы орманды қалпына келтіру үшін 300 миллионға жуық көшет отырғызу керек.

Өзгелердің жаңалығы