Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында Энергетика министрі Болат Ақшолақов «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Семей ядролық қауіпсіздік аймағы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын таныстырды.
Министр атап өткендей, 1949 жылғы 29 тамызда Семей сынақ полигонында алғашқы ядролық бомба сыналды. 50 жыл ішінде полигонда 456 ядролық сынақ өткізілді. Бұл жарылыстардың жиынтық қуаты Жапониядағы Хиросима қаласына тасталған ядролық заряд қуатынан 250 есе артық.
1991 жылы еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Жарлығымен Семей ядролық сынақ полигоны жабылды. Бүгінгі таңда оның аумағы шамамен 18 300 текше метрді құрайды. Тәуелсіздік жылдары ішінде бұрынғы полигонда, соның ішінде Дегелен тау аймағында, Балапан және Тәжірибе сынақ алаңдарында жаппай қырып-жою қаруын тараптау режимін қолдау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді, - деді Болат Ақшолақов.
Полигон жабылғаннан бері бірқатар проблема анықталды. Бұрынғы Семей полигонының жері 3 облыстың жергілікті атқарушы органдарының қарамағындағы қосалқы жерге жатады. Бұл бөгде адамдардың іс-әрекеттерін және осы аумақтарда болып жатқан оқиғаларды бақылауды қиындатады.
Полигонның нормативтен тыс ластанған жерлерін оңалту және қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмейді. Сондай-ақ радиоактивті ластану деңгейіне тұрақты мониторинг жүргізілмеуіне байланысты радиоактивті зақымданудың жыластауы бойынша өзекті деректер жоқ, - деп атап өтті Энергетика министрі Мәжілісте.
Кешенді экологиялық тексеру және мемлекеттік экологиялық сараптама нәтижелері бойынша анықталған ластанған учаскелерде мамандандырылған аймақ құру жоспарланып отыр.
«Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» заң жобасында:
1) бұрынғы Семей сынақ полигоны жерлерінде және нормативтен тыс радиоактивті ластануға ұшыраған іргелес аумақтарда «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы» арнайы аймағын құру;
2) радиоактивті ластанудың таралуын шектеу;
3) полигон аумағында тарихи пайда болған радиоактивті қалдықтарды жинау, орналастыру және кәдеге жарату арқылы Семей ядролық қауіпсіздік аймағының аумағын оңалту;
4) Семей ядролық қауіпсіздік аймағындағы радиоактивті ластану деңгейіне үздіксіз мониторинг жүргізу.
Заң жобаларының ережелерін іске асыру өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған.