Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов қалада жағдай күрделеніп бара жатқанын айтты.
Жауапты сала мамандарының қызметі мен ескертуіне қарамастан, коронавирусты жұқтырғандар саны екі жүз отыз екі адамға жетті. Санитарлық-дезинфекциялау, ақпараттық-түсіндіру, мониторинг, жедел алдын алу жұмыстары жүріп жатыр. Бірақ халық тарапынан қолдау аз! Бұл жерде әрқайсымыздың жауапкершілігіміз бар! Қаланың бас санитарлық дәрігері, арнайы ҚАУЛЫ қабылдады - деді қала басшысы.
Ол бұл шараның мақсаты біреудің бизнесі мен қызметіне тосқауыл болу емес екенін айтады.
Дұрыс түсіну керек! Басты мақсат – адам денсаулығы! Алдымыздағы 10 күн баршамыз үшін шешуші кезең болу керек! Шектеуге шыдап, барлық талапты орындасақ, қалыпты өмірге қайта ораламыз. Орындамасақ – жалпы ахуал нашарлап, жағдай ауырлай түседі. Науқастарды емдеу ресурстарының шегі бар - деді Ермак Сәлімов.
Ол семейліктерге өтініш жасады.
Сөз қадірін түсініп, аталы сөзге тоқтай білген текті елдің өкілі болғандықтан, баршаңызға үлкен өтінішімді жеткізгім келеді. Әрқайсымыз бала тәрбиелеп, немере сүйіп, ұрпақ өсіріп отырмыз! Абай туған топырақта, балаға тоқтау болар – әке, қызын "қырық үйден" тыяр – ана, ұрпаққа қамқор болар – ұлт ӨКІЛІ барына сенемін! Бәрі өз қолымызда! Тағат танытып, тағдыр сынынан аман өтейік! - деді ол.