Нұр-Мүбарак университетінің профессоры Жоламан Бұланұлы журналист Бақыт Жанаттың айтқандарына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ол бұл туралы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
«Өз әуейілігін (қалау-құмарлығын) құдай тұтқан бейбақты көрдің бе?» Фұрқан сүресі, 23.
Жанат Бақыт деген қарындастың айтып жүргенін қарап шықтым. Оның әңгімесі секталық белгілер мен әдіснамаларды көрсетіп тұр. Бұл – адасу, азғындау. Басқа ештеңе емес. Құдай туралы толыққанды білімі мен таным-түсінігі жоқ. Өзінің сөзімен айтқанда бұған 1000% кепілдік берем. Жанат Бақыттың Құдаймен сөйлестім, Ясауимен, Шәкәріммен сөйлестім, олар маған сүйтіп айтты, бүйтіп айтты дегенінің барлығы өтірік. Ондай нәрсе болмайды. Егер, ішіне жын кіріп кеткен, жын-шайтанның сыбыры мен уәсуасасы келіп тұрмаса, - деді ол.
Айтып жүрген идеялары мен ақпараттарды қайдан алып, қандай кітапқа жүгініп жүр екен? Бір қайнар көзден су ішіп жүргені анық.
Қазір әлемнің көптеген еліне (кейбір дерек бойынша 107 ел) таралып үлгерген «Саентология» деген секта бар. Бұл сектаның негізі 1950 жылдары Америкада Лафайет Рон Хаббард (1911-1986) деген адам тарапынан қаланған. Хаббард жас кезінде адам психикасының әлеуеті мен функциясына қатысты психологиялық зерттеулерді оқыған. 1940 жылғы АҚШ пен Жапония соғысында құпия қызмет мүшесі ретінде міндет қарған. Сонымен қатар ол алғашында ғылыми фантастик, сценарист, қиял-ғажайып әңгімелер жазушы болған. АҚШ пен Жапон соғысынан кейін Хаббард рух пен психика тақырыбына бет бұрып, кітап жаза бастайды және өз сектасын құрған. Ол қиял-ғажайып әңгімелер жазудағы мол тәжірибесіне сүйене отырып, жалған іліміне ғылыми-діни сипат беретін күрделі терминдер мен түсіндірмелер ойлап табады. Әңгімелері рух, аян, ояну, жаңа өмір сияқты тартымды сөздер аясында өрбиді, - деді Нұр-Мүбарак университетінің профессоры.
Хаббард 1950 жылы «Дианетика (Рухани емделу техникасы): Психикалық саулық жайлы заманауи ғылым» (Dianetics: The Modern Science of Mental Health) атты кiтабын шығарады. Бұл кітаптағы дианетика сөзі Грек тіліндегі «арқылы, дәнекерімен» деген мағына білдіретін «диа» сөзі мен «рух/жан» деген мағына білдіретін «nous» сөзінің бірлесуінен пайда болған. Хаббардтың айтуынша дианетика – «рух арқылы, ақыл-ес/психика арқылы» деген мағына білдіреді және «психика туралы ғылым» дегенді сипаттайды. Дианетика – адам қаламайтын жағымсыз сезім мен көңіл-күйлерді (эмоцияларды), ақылға сыймайтын (иррационал) қорқыныштарды, ойдан немесе психикалық стрестен туындаған (психосоматикалық) ауруларды жеңілдетуге көмектесетін әдіснама ретінде сипатталады.
Хаббард кітабын психикалық рационалды емес қорқыныштар мен психосоматикалық індеттерден құтқаратын кітап ретінде түсіндіреді. Хаббардтың осы кітабы шыға салысымен бір ай ішінде Нью-Йорк таймс-тың ең көп сатқан кітаптар қатарына кіреді және жыл бойы қаншама мыңдаған данамен басылып, бестселлерге айналады. Осылайша Хаббард мол табысқа кенеледі. Осыдан кейін Хаббард 1951 жылы «Өмірде қалу ғылымы (Science of Survival) және «Өзіңе анализ жасау» (Self-Analysis) атты кітаптарын шығарады.
Хаббардтың да көкейін тескен АҚША, АТАҚ, ӨЗІН КӨРСЕТУ, МАҚТАН болса керек, оның: «... Миллион доллар тапқысы келген адам (бай болғысы келген адам), өзінің дінін ашу керек (дін ойлап табу керек)», – деген. Міне, содан кейін Америкада «Миллионер болғысы келетін адам – өз сектасын ойлап табу керек» деген сөз әйгілі болған. Саентология әлемдегі бай секталардың бірі.
Саентология сектасы өз қатарларына қосылушыларға діни бостандық береді. Мысалы, христиан адам саентологияда шоқынып, мұсылман намазын оқып жүре беруіне болады. Осылайша өз қатарларына адам тарту үшін адамдарға осындай кеңдіктер мен еркіндік ұсынып, түрлі әдіс-тәсілдер қолданған. Саентология үшін адамның қай дінді ұстанғаны маңызды емес. Саентология сектасы ілімін адамды мазалаған рухани сұрақтарына жауап табуға және өмірдегі кедергілерді жеңуге көмектесетін таным философиясы ретінде ұсынады. Еркіндік себепті мұндай сектанттар мен секталарға тәкфиршілдік, уаһһабизм, дүмше, қасаң діндарлық, дүмше сопылық, діни жікшілдік, діни буквалистік түсінік себепті діннен безген, дін десе үрке қарайтындар мен фундаменталды діни білімі жоқтар және өз нәпсі қалауын, өз әуейілерін жасағысы келетіндер қолдап, қолпаштайды, тіпті мүше болып ілеседі. Өйткені харам-халал, сауап-күнә және т.б. нақты принцип жоқ. Өз қалағанын жасайды. Жалпы секталар мен сектанттар «Ояну, аян, рух, бақыт, махаббат, аян келді, мәһди, қиямет, рухпен сөйлестім, махаббат жанұясы, дәстүр, ата-баба, ата-баба рухы, жаңа өмір» секілді адамды баурап алатын сөздерді қолданады. Сонымен қатар ұлттың дүниетанымдық кілт сөздері мен ою-өрнек, ұлттық киім сияқты рәміздерін де өз мүдделеріне өте тиімді пайдаланады. Жанат Қожамжаровтың сюцайы мен Жанат Бақыттың регрессологиясы Саентология сияқты секталық әңгіме, яғни синкретті, эклектикалық сандырақ. Жанат Бақыт айтып жүрген карма заңдылығы, реинкарнация (рух көші, туу-өлу айналысы), инкарнация/аватар Индуизм сеніміндегі түсініктер. Жанат Бақыт жалпы Үнді мистицизмінен қатты әсерленген. Ол ислам сеніміне мүлдем қайшы нәрсе. Бұлардың сандырағына алданбаңыздар. Мұндай секталар мен шарлатандардың бүгінге дейін талайы келіп кеткен. Бірақ ешбірі баянды болмаған - деді ол.
Бұл жердегі сұмдық бір жағдай, Жанат Бақыт емес, оны қолдап, қолпаштап, соған сеніп отырғандарда болып тұр.
Халқым надан болған соң, Қайда барып оңайын?! – деп хакім Абай бекер айтпаған екен. Нәпсі қалауына еріп, арзан күлкі, жеңіл әңгімені қалайтын жұрт барда, мұндай сектант, ақылгөйлер де, оларға еретіндер де шыға береді. Сандырағы ақшаға айналып өздеріне құйылып тұрса, одан кім бас тартсын?! Фейсбукінде 25 тіркелушісі, болса, инстаграмында 2 миллион оқырманы бар екен. Кейбірі қызық көріп қарап жүрген шығар. Десе де мұнша адамға не болған сонша сандыраққа еретін?
VIII ғасырдан бері қазақпен біте қайнасып, қанына сіңген исламнан жеру, Құдайсыз, имансыз өмір сүру немесе түрлі шарлатандардың сандырағына еріп, синкретті, эклектикалық таным-түсініктерге сену – орынсыз, ойсыз әрекет. Фетиштік, анимистік, тотемдік, шамандық, магиялық, сатанистік, монистік, натуралистік, материалистік, мифтік түрлі наным-сенімдер мен түсініктерге еру арқылы ешкім марқадам таппайды, өмірі баянды болмайды. Жанат Бақыт қарындас! Расымен мына айтып отырғандарыңа сеніп жүрсең, біраз оқып, ізден, мамандардан сұра! Мына сандырағыңнан бас тарт! Дінге жат, ұлттық танымға қайшы сандырақты тықпалап, аз қазақтың басын айналдырып, санасын улама! Мұндай азғындық қазақ қызына жараспайды, - деді профессор.