Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Сайран көлінде тағы бір адам суға кетті: ТЖД тұрғындарға ескерту жасады

25 Маусым 2025, 21:47
907
Бөлісу:
 istockphoto.com
Фото: istockphoto.com

Сайран көлінде тағы бір қайғылы жағдай тіркелді. Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 25 маусым күні кешке 48 жастағы ер адамның денесі судан шығарылған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оқиға орнына жедел жеткен сүңгуірлер сағат 19:26-да 1977 жылы туған азаматтың мәйітін алып шыққан. Куәгерлердің айтуынша, марқұм мас күйінде болып, тыйым салынған аумақта шомылып жүрген.

Бұл – Сайран көлінде тіркелген екінші оқиға. Бұған дейін, сол жерде 17 жастағы жасөспірім суға батып кеткен болатын. Оның денесі Республикалық жедел-құтқару жасағының сүңгуірлерімен табылып, судан шығарылған еді.

Қалалық ТЖД ресми түрде Сайран көлінде шомылуға тыйым салынғанын тағы бір мәрте еске салды. Өйткені су айдыны әлі де ресми түрде пайдалануға берілмеген, оның аумағында абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, қауіп туралы ескертетін арнайы белгілер орнатылған.

Қауіпсіздік талаптарын елемеу – орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін. Азаматтарды тек рұқсат етілген жағажайларда шомылуға шақырамыз, - деп ескертеді ТЖД.

Құтқарушылар алматылықтарды жаз мезгілінде абай болуға, мас күйде суға түспеуге, балаларды қараусыз қалдырмауға және қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады.

Өзгелердің жаңалығы