Сайлаушылар тізіміне енгізу қалай жүргізіледі?

27 Қазан 2020, 16:12
2379
Бөлісу:
Сайлаушылар тізіміне енгізу қалай жүргізіледі?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Констатин Петров ОСК-ның отырысы барысында осы мәселені түсіндіріп өтті.

Сайлаушылардың тұрғылықты жері бойынша тізімін тиісті жергілікті атқарушы орган жасайды. Оған республиканың белсенді сайлау құқығы бар: 18 жасқа толған, әрекетке қабілетті, бас бостандығынан айыру орындарында отырмайтын азаматтар енгізіледі. Нақты бір сайлау учаскесінде азаматты сайлаушылар тізіміне енгізу үшін оның осы сайлау учаскесінің аумағындағы тұрғылықты жері бойынша тіркелу фактісі негіз болады. Уақытша тіркелген азаматтар сайлаушылар тізіміне олардың жергілікті атқарушы органдарға берген өтініші негізінде ғана енгізілуі мүмкін, - деді ол.

Констатин Петровтың айтуынша, 10 желтоқсанға дейін тіркеу болмаған жағдайда да азаматтар дауыс беруге арналған учаскені таңдау туралы жергілікті атқарушы органдарға (ЖАО) өтініш жасауға құқылы.

Егер сайлаушыға сайлаудан кемінде отыз күн бұрын, яғни 10 желтоқсаннан кешіктірмей, сайлау күні оның тіркелген жері бойынша дауыс беруге арналған үй-жайға келу мүмкіндігі болмайтыны белгілі болған жағдайда, ол өзінің болатын жері бойынша жергілікті атқарушы органға өзін сайлаушылардың тиісті тізіміне енгізу туралы жазбаша өтініш жасауға құқылы. Бұл ретте жергілікті атқарушы орган азаматты тіркелген жері бойынша сайлаушылар тізімінен шығаруды және оны азамат дауыс беретін учаскенің сайлаушылар тізіміне енгізуді ұйымдастырады. Әрбір сайлау учаскесі бойынша сайлаушылардың тізімдерін тиісті әкім дауыс беру басталғанға дейін жиырма күн бұрын акт бойынша учаскелік сайлау комиссиясына, яғни 20 желтоқсаннан кешіктірмей электрондық түрде және (немесе) қағаз тасымалдағыш арқылы аумақтық комиссияға электрондық түрде ұсынады. Төмен тұрған аумақтық сайлау комиссиясы сайлаушылар тізімдерін Қазақстан Республикасының сайлаушы азаматтарының электрондық тізіліміне енгізу үшін оларды жергілікті атқарушы органдардан алған күннен бастап екі күн мерзімде жоғары тұрған комиссияға электрондық түрде ұсынады, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы