Соңғы деректерге сәйкес, Түркістан облысының сайлаушылары дауыс беруде көш бастап келе жатқаны жасырын емес. Кентау қаласының тұрғыны, Аналар кеңесінің мүшесі, ауыл белсендісі Шолпан Махамбетиярова сайлау учаскесіне қазақтың қара домбырасымен күмбірлетіп келіп, көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлай отырып дауыс берді, деп хабарлайды Түркістан облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Хантағы ауылының тұрғыны Шолпан Аханқызы азаматтық позициясын ұстана отырып, елдің мүддесі үшін №60 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады.
Ол бүгінгі сайлау елдің кемел келешегі мен елдің баянды болашағына берері мол екенін атап өтіп, жерлестерін сайлауда белсенділік танытуға шақырды.
Құрметті жерлестер, ауылдастарым! Бүгін қазақ елі бойынша ерекше күн! Барлықтарыңызды өз таңдауларыңызды жасауға шақырамын. Бұл дауыс беру болашағымыз үшін, бір-біріміз үшін және өсіріп отырған балаларымыздың болашағы үшін дұрыс таңдау жасайтындарыңызға мен сенімдімін. Сондықтан ауыл бойынша барлығымыз керемет күнде келіп, келешегіміздің жарқын болуына атсалысайық, - деді Аналар кеңесінің мүшесі Шолпан Махамбетиярова.
Еске сала кетсек, өңірде 919 сайлау учаскесі бекітілген, оның елу шақтысы орталықтарға орналастырылған. Бұдан бөлек, осы сайлауда дауыс берушілерді тізім бойынша тексеру үшін «109» байланыс орталығы ашылып, үздіксіз жұмыс жасап жатыр.