Елімізде 19 Наурыз күні кезектен тыс Мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлау аяқталды. Алайда кандидаттардың жұлым-жұлымы шыққан насихат қағазы көшеде қалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сайлауға түскен әр кандидатқа үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін бір ай уақыт берілді. Яғни кандидат үгіт-насихат жұмыстарын 4 негізгі тәсілмен жүзеге асырды. Олар бұқаралық ақпарат құралдары, кандидаттар мен олардың сенім білдірген адамы сайлаушылармен жеке кездесуі, аудиовизуалды және өзге де үгіт материалдарын шығару және тарату, сондай-ақ онлайн-платформа арқылы насихатталды. Сайлаудың аяқталғанына 5 күн өтті. Алайда аялдамаларда, қалалық саябақтарда, алаңдарда яғни үгіт парағын жабыстыруға мүмкіндік берілген жерлерде сайлауға түскен кандидаттардың парақтары әлі алынбаған. Жұлым-жұлымы шығып, жерде жатқаны қаншама. Жинау деген талап жоқ . Дегенмен де ерікті түрде жасалатын бұл шараны кейбір кандидат ескермеген сияқты. Әлеуметтік желілерде де кандидаттарға ескертпе айтып, қағаздарды жинау керек екенін жазған желі қолданушылары да бар.
Біздің партия немесе кандидаттар шынымен халықты ойлайтын болса, барлығы бірге бір әрекет жасауы тиісті. Егер тіпті жеңіліп қалса да, сол әрекетті жасауы керек. Әртүрлі жерге жабыстырып тастаған А4 үлгідегі барлық қымбат қағаздарын қайтадан жинастырып, былғанған жерді қырып немесе жуып тазалау керек. Егер солай істемесе, олардың сөздерінің бәрі жай сылдыр сөз. Немесе осыны заңмен бекітсе, жақсырақ болар еді, - дейді М.С. Нәрікбаев атындағы KAZGUU Университеті Басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Мұхамеджан.
Үгіт-насихат материалдарын тазалау жұмыстарын бастаған партия өкілдері бар болып шықты.
Наурыз мерекесі қарсаңында «Amanat» партиясының мүшелері «Жастар рухының» белсенділерімен бірге көшелердегі үгіт-насихат қағаздарын тазалау жұмыстарын бастаған. Бұл іске барлығы 20 мыңға жуық адам жұмылдырылған.
Бір айға созылған үгіт-насихат уақытында сайлауға қатысқан партиялар мен жеке кандидаттар белсенді жұмыс жүргізгенін білеміз. Нәтижесінде бірнеше миллион плакат көшелердің бойына жапсырылды. Қазір оларды тазалауымыз керек. Осылайша коммуналды қызмет жұмысшыларына түсетін ауыртпалықты азайтпақпыз. Біздің бұл акция елде саяси мәдениет пен жауапкершіліктің қалыптасқанын көрсетеді. Сонымен қатар осы тектес шаралар біздің сайлауалды бағдарламада көрсетілгендей, қоғамда экологияны сақтау моделін қалыптастыруға көмектеседі, - дейді «Amanat» партиясының атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев.
Қазір плакаттарды жинау жұмыстарына еліміздің барлық өңіріндегі «Amanat» партиясының өкілдері атсалысып жатыр. Белсенділер базарлардағы, сауда орталықтарындағы және тұрғын үйлердің аулаларындағы үгіт-насихат плакаттарын жинап, коммуналды қызмет жұмысшыларына көмектесуде.
Сайлаудан кейін де тіршілік бар екенін ескеретін кандидаттар жұлымы шыққан үгіт-насихат қағаздарын жинауға кіріседі деп ойлаймыз.