Сайлауды бейпартиялық байқау орталығы жұмысын жүйелік негізде жалғастыратын болады

11 Қаңтар 2021, 12:53
1321
Бөлісу:
Сайлауды бейпартиялық байқау орталығы жұмысын жүйелік негізде жалғастыратын болады
VIDEO
Фото: Артём Чурсинов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін елордада Сайлауды бейпартиялық байқау орталығында қорытынды брифинг барысында орталық басшысы, Қазақстанның Азаматтық қоғам альянсының президенті Бану Нұрғазиева Қазақстанның Азаматтық қоғам альянсы атынан шыққан байқаушылар елдегі барлық сайлауға қатысқанын айтты.

Қазақстанның Азаматтық қоғам альянсы биылғы сайлау немесе өзге де сайлаулар аясында құрылған альянс емес. Ол 15 жылдам астам уақыт тәжірибесі бар, тоқтаусыз жұмыс істеп келе жатқан ұйым. Осы жылдар ішінде Қазақстанның Азаматтық қоғам альянсы атынан шыққан байқаушылар еліміздегі барлық сайлауға қатысты. Біз алдымызға бұдан да зор мақсат қойып отырмыз. Яғни, институт жұмысының осы сайлау нәтижесін шығарумен аяқталғанын қаламас едік. Сондықтан, Сайлауды бейпартиялық байқау орталығы әрі қарай да Қазақстанның Азаматтық қоғам альянсы базасында жұмысын жүйелік негізде жалғастыратын болады. Неге? Алда аудан әкімдерінің сайлауы келе жатыр. Біз еліміздің әр ауданындағы процеске атсалысып, мониторинг жасау арқылы көмек бергіміз келеді. Бұл әкімдер сайлауында салмақтылық тудырады деген ойдамын. Сайлауды бейпартиялық байқау орталығы қоғамдық институт сияқты үнемі жұмыс істейтін болады, - деді ол.

Орталық басшысы сайлау нәтижесі бойынша соңғы он күн бойы есеп дайындау жұмыстары жүргізіліп жатқанын, онда ҚР үкіметіне қатысты ұсыным барын жеткізді. 

Сайлауды бейпартиялық байқау орталығының есебінде барлық процесс, яғни, демократиялық қайта қалыптасу, азаматтар бастамалар өсімі, жалпы демократиялық процестер көрініс тапқан. Сонымен қатар, есепте ҚР үкіметіне қатысты ұсыным болады. Оның ішінде ұсынымдардың бірі – Парламентке өту үшін саяси партиялардың шек деңгейін төмендету. Қазіргі 7%-дық шекті 5%-ға төмендете алсақ, оның өзі жеңіс болып саналар еді. Себебі, сайлауға партиялар көптеп қатысаны жөн. Ал, 7% шекті жинау тым жоғары. Сонымен қатар, біздегі халықаралық байқаушылар сайлау болады деген ақпарат шыққаннан бастап ұзақмерзімді байқауға құқылы. Ал, ұлттық байқаушылар тек сайлау күні, сайлау учаскесіне келіп, тиісті құжатын көрсетіп, тіркеліп, «байқаушы» статусын алғаннан кейін ғана қатысуға құқылы. Менің ойымша, бұл дұрыс емес. Орталық есебіне мұны да ұсыным ретінде қосу керек деп шештік, - деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін ол сайлау процесінің заңдылығына әсер ететін заң бұзушылық тіркелмегенін айтқан болатын.



Өзгелердің жаңалығы