Сайлауда партия ғана емес, кандидаттың өзі де шешуші рөл атқарады – Сарапшы

Сарапшы соңғы жылдары жергілікті деңгейде саяси кадрларды қалыптастырудың белгілі бір жүйесі қалыптасқанын атап өтті.

13 Тамыз 2026, 13:27
АВТОР
 gov.kz 13 Тамыз 2026, 13:27
13 Тамыз 2026, 13:27
167
Фото: gov.kz

Өңірлерде жергілікті халықтың сеніміне ие, аймақтың тыныс-тіршілігін жақсы білетін кандидаттарға деген сұраныс әлі де жоғары. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының ұйымдастыруымен өткен сарапшылар алаңында қазақстандық саясаттанушы Андрей Чеботарев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Сарапшының айтуынша, саяси партиялар республикалық деңгейдегі ортақ күн тәртібін ұсынғанымен, олардың кандидаттар тізімінде әр өңірдің ерекшелігін жетік меңгерген тұлғалардың болуы маңызды.

Қазақстанда бүгінде 20 өңір бар. Партиялардың кандидаттар тізіміне қарасақ, олардың басым бөлігінде өңірлердің өкілдері қамтылған. Әрине, барлық партияның мүмкіндігі бірдей емес. Мысалы, кейбір саяси ұйымдардың тізімінде небәрі 30 шақты адам ғана бар. Сондықтан барлық өңірді толық қамту әрдайым мүмкін бола бермейді, – дейді ол.

Сонымен қатар Чеботарев соңғы жылдары жергілікті деңгейде саяси кадрларды қалыптастырудың белгілі бір жүйесі қалыптасқанын атап өтті. Оның сөзінше, аудандық және ауылдық деңгейдегі мәслихат депутаттары көп жағдайда кең аудиторияға онша танымал емес. Алайда оларды біртіндеп өңірлік деңгейге шығарып, халыққа танытуға мүмкіндік бар.

Мұндай депутаттарды өңір көлемінде танымал ету маңызды. Бұл бір жағынан сайлаушылардың сенімін арттырса, екінші жағынан олардың саяси мансап құруына жол ашады. Яғни жергілікті деңгейде тәжірибе жинаған азаматтардың кейінірек облыстық немесе республикалық саясатқа келуіне мүмкіндік туғызады, – дейді сарапшы.

Оның пікірінше, сайлаушылар үшін партияның бағдарламасымен қатар, кандидаттың өзі де маңызды фактор болып қала береді. Сондықтан өңірдің мәселесін жақсы білетін және жергілікті тұрғындар арасында беделі бар тұлғалар алдағы уақытта да сұранысқа ие болмақ.

Наверх