Бүгін – сайлауалды үгіттің соңғы күні, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар Нұрдәулет Оразханов, Найля Аппасова, Рустам Исаев «KEGOC» АҚ «Ақмола жүйеаралық электр тораптары» филиалының ұжымымен кездесіп, «Қазақстан Халық партиясы» қоғамдық бірлестігінің сайлауалды бағдарламасын таныстырды.
Партияның сайлауалды бағдарламасының бір бөлігі энергетика саласын жаңғырту бағытына арналған.
Мұнан соң партия өкілдері сайлаушыларға елдің билігі мен байлығы Қазақстан халқына тиесілі болу керек дегенді тілге тиек етті.
«Ақ жол» демократиялық партиясы сайлауалды жорығын қасиетті Ұлытаудан, Жошы бабаның кесенесінен бастап еді, бүгін хандар жатқан қарт Түркістанда түйіндеді. Бұл да символикалық мәні бар жүріс болды.
«Ақ жол» демпартиясының үгіт-насихат тобы алдымен хандар мен әулие-әмбиелердің рухына құран бағыштады.
Партия лидері Азат Перуашев, төраға орынбасары Қазыбек Иса, Шымкент қалалық филиалының төрағасы Әлімхан Әбжанов, Түркістан облыстық филиалының төрағасы Абзал Салықбаев Түркістан облысының тұрғындармен және бизнес өкілдерімен кездесті.
Республикалық штаб өкілдері партияның саяси бағдарламасының «Тәуелсіздік және «Алаш» ұлттық идеясы», «Демократия және парламентаризм, «Сыбайлас жемқорлық және де-офшоризация», «Әлеуметтік әділеттілік», «Нарықтық экономика және кәсіпкерлікті қолдау», «Сыртқы саясат» бағытын жан-жақты таныстырды.