Сайлау-2023. Үміткерлердің бүгінгі үгіт-насихат жұмыстары

13 Наурыз 2023, 19:23
1323
Бөлісу:
Сайлау-2023. Үміткерлердің бүгінгі үгіт-насихат жұмыстары
Фото: BAQ.KZ

«AMANAT» партиясы Республикалық сайлауалды штабының мүшелері Павлодар облысында сайлаушыларымен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Партиялықтар Б.Нұржанов атындағы Екібастұз 1-МАЭС ұжымымен еңбекақыны индекстеу және жұмысшылардың құқықтарын қорғау мәселелерін талқылады.

Бұдан соң РСШ мүшелері Екібастұз тұрғындарымен экспромт-кездесу өткізді. Жүздесуде партияның сайлауалды бағдарламасында көрсетілген инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды сапалы жаңғырту жөніндегі шаралар туралы айтылды.

Қоғам белсенділерімен және өңір жастарымен кездесуде аманаттықтар партияның өскелең ұрпақтың өз қабілет-қарымын жүзеге асыруы үшін жағдай жасау жоспарлары туралы айтып берді.

Осы күні аманаттықтар Павлодар облысындағы бірмандатты сайлау округтері бойынша кандидаттармен үгіт-насихат науқанын жүргізудің өзекті мәселелері туралы әңгімелесті.

Сайлау-2023. Үміткерлердің бүгінгі үгіт-насихат жұмыстары

Фото: «AMANAT» партиясы

«Байтақ» жасылдар партиясының өкілдері дәрігерлермен кездесті. Саяси ұйым төрағасы елордадағы көпсалалы әлеуметтік-медициналық мекемелердің бірінде сайлауалды бағдарламаны таныстырып, сауалдарға жауап берді. Ақ халатты абзал жандар қоғамдағы түйткілді мәселелерді көтеріп, оларды шешу жолдары бойынша ұсыныстарын айтты. Аталған мекемеде 60-қа жуық маман еңбек етеді. Жүздесу барысында партия белсенділері елде жүргізіліп жатқан саяси реформа төңірегінде ой бөлісіп, пікір алмасты. Үгіт-насихат жұмыстарының аяқталуына аз уақыт қалды. Бұл ретте кестеге сай іс-шаралар қыза түсті. Айта кетейік, байтақтықтар қазір 3 жарым мыңнан астам кездесу ұйымдастырды. Алдағы күндері республикалық штаб өкілдері оңтүстік өңірлерді аралауды жоспарлап отыр. 

«Ауыл» партиясынан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат Николай Арсютин, Қайрат Айтуғанов, Жигули Дайрабаев, Аян Зейнуллин және түрлі деңгейдегі жергілікті мәслихаттарға кандидаттар Павлодар қаласында «Локомотив жөндеу зауыты» ЖШС мен «Андас Agro» ЖШС жұмысшыларымен кездесті. 

«Локомотив жөндеу зауыты» ЖШС жұмысшыларымен жүздесу аталған серіктестіктің өндірістік цехында өтті. Жиынға кәсіпорынның 100-ге жуық жұмысшысы қатысты. Бұл жолғы кездесу «Ауыл» еңбек адамының мәртебесі үшін күреседі!» тақырыбында өтті.          

Кандидаттар локомотив жөндеу зауытынан кейін Павлодар облысы Набережная ауылында орналасқан «Андас Agro» ЖШС жұмысшы ұжымымен кездесті. Серіктестік көкөніс өсіру, сақтау және сатумен айналысады.

«Ауыл» партиясының сайлауалды бағдарламасымен танысып, үгіт-насихатын тыңдаған қос кәсіпорын жұмысшылары партияның ұстанған бағыттарына ризашылықтарын білдірді. Жиын барысында олар кандидаттарға сұрақ қойып, ұсыныстарын аманаттады.

Сайлау-2023. Үміткерлердің бүгінгі үгіт-насихат жұмыстары

 Фото: Ауыл партиясы

7 наурызда ЖСДП-дан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша кандидат Валерий Смоквин мен облыстық мәслихат депутаттығына кандидат Жанғали Ілияс «Көкшетау минералды сулары» АҚ еңбек ұжымымен кездесті.

Іс-шара барысында кандидаттар партияның сайлауалды бағдарламасының басым бағыттары жөнінде баяндады.

Оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске бағытталған ұсыныстар сайлаушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.

Ақтауда «ҚазАзот» серіктестігінің еңбек ұжымымен кездесуде Respublica төрағасы Айдарбек Қожаназаров партия мүшелерінің көздегені – халық сенімі екенін, мақсаты – қазақстандықтардың өмірін сапалы етуге ұмтылып, ел игілігі үшін қызмет ету екенін айтты.

Мәжіліс депутаттығына кандидат Екатерина Смолякова «ҚазАзоттың» еңбек ұжымы алдында сөйлеген сөзінде Қазақстанның білім саласын реформалау қажеттігіне тоқталды. 

Сайлау-2023. Үміткерлердің бүгінгі үгіт-насихат жұмыстары

Фото:  Respublica партиясы

 

Өзгелердің жаңалығы