Бүгін ЖСДП-дан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына партия тізімі бойынша кандидат Берік Жағыпаров «Үгіт-насихат пойызы» шеңберінде Ұлытау облысы Жәйрем ауданына сапармен барып, жергілікті тұрғындармен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
«AMANAT» партиясының Республикалық сайлауалды штабы Алматыда қала тұрғындарымен, ғалымдармен және жастармен бірқатар кездесу өткізді.
Ғылым Академиясында өткен кездесуде сайлауалды бағдарламаның ғалымдарды қолдауға және озық технологияларды трансферттеуге арналған бөлімі талқыланды.
Бұдан соң, спорт кешенінің алаңында штаб мүшелері Жетісу ауданының тұрғындарымен кездесіп, партияның сайлауалды бағдарламасында көрініс тапқан әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, инженерлік коммуникацияларды жаңарту, тұрғын үймен қамтамасыз ету шараларын талқылады.
Respublica партиясының сайлауалды туры бүгін Шығыс Қазақстан облысының орталығы – еліміздің 18-ші өңірі Өскемен қаласында жалғасты. Мұнда партияның тең төрағалары Максим Барышев, Руслан Берденов, Сырымбек Тау, сондай-ақ Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидаттар тұрғындармен жүздесті.
Respublica-лықтар Шығыс Қазақстан облысына сапарын қаланың бизнес қауымдастығымен кездесуден бастады. Партияның тең төрағасы Максим Барышев партияны құрудың алғы шарттарының бірі елдің салық заңнамасындағы кедергілер екенін айтты. Қаңтар оқиғасы кезінде қарақшылық шабуылдан зардап шеккен кәсіпкерлер мемлекет тарапынан қолдауға ие болғанын атап өтті. Белгілі болғандай, бұл қолдауға да салық салынған, оны өзгерту мүмкін емес.
Respublica партиясынан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат Зейнолла Абдуманапов партияның кәсіпкерлік мәселелерін жақсы білетіндігін баса айтты. Сол себептен партия азаматтарға жеке кәсібін ашуда бірдей жағдай жасауға ұмтылуды көздеп отыр.
«Болашаққа сенеміз! Байтаққа дауыс береміз!» атты ұранмен «Байтақ» партиясы нүктелі құрылыс нысандарының салуына қарсы санкцияланған митинг өткізді. Тығыз орналасқан жерге халықтың жайлылығы үшін саябақ пен аллея салудың орнына, жыпырлаған құрылыс нысандарын салуына наразылығын отыздан аса адам, оның ішінде қоғам қайраткерлері, мәслихат депутатығына үміткерлер, қоғам белсенділері білдірді.
Айта кетсек, соңғы 3 жылда елордада 8 млн шаршы метрден асатын баспана салынды.Ал қала бойынша әлеуметтік нысандардың жетіспеушілігі біршама. Статистикалық ақпарат бойынша өткен жылдың есебі бойынша 49 мың бөбек балабақшаға кезекте тұр, ал 26 мың оқушы мектеп орындарына мұқтаж.
Байтақтар өздерінің бағдарламаларын жасылдандыру мен көгаландыруға үлкен мән бере отырып, үйлесімді қаланың көрінісін құруға бағыттап отыр.
10 наурызда Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидаттар Нұрдәулет Оразханов пен Найля Аппасова елордадағы «KEGOC» АҚ ұжымымен кездесті. Олар партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырды.
Алдымен спикерлер Халық партиясы Қазақстандағы капитализмнің қалыптасқан жүйесін өзгерту ниетті екенін атап өтті. Мұнан соң партия өкілдері сайлаушылардың еліміздегі кедейшілікті жою мен міндетті медициналық сақтандыруға қатысты сауалдарына жауап берді.
Осы орайда Халық партиясы Үкіметтен «Кедейлікпен күресу туралы» заң қабылдауды талап етеді. Сонымен қатар партия ең төменгі жалақы 140 мың теңге болуы керек деп есептейді. Сондай-ақ ел аумағында өз азаматтарымыз өндірген тауарлардан, көрсеткен қызметтерден қосымша құн салығын (ҚҚС) алып тастауды және айналымға 5% мөлшерінде бірыңғай салық енгізуді қолдайды. Жиын соңында спикерлер сайлаушыларды 19 наурызда сайлауға келіп Халық партиясына дауыс беруге шақырды.
«Ауыл» партиясынан ҚР Парламенті Мәжілісіне кандидат Серік Егізбаев, Ерболат Саурықов, Болатбек Қыстауов, Ілияс Досқожаев пен жергілікті мәслихатқа кандидаттар Батыс Қазақстан облысына барды. Олар ірі қайта өңдеу кәсіпорны «Жайық ет» ЖШС ұжымымен және жоғары оқу орнының оқытушыларымен, студенттерімен кездесті.
Кандидаттар алдымен «Жайық ет» ЖШС ұжымымен кездесті. Серіктестік – өңірдегі шұжық және ет өнімдерін шығаратын ірі кәсіпорын. Бүгінде жылына 7000 тонна мал мен құс етін шығарып, 100% қуаттылықта жұмыс істейді. Бордақылау алаңдары Зеленов ауданында, мал сою пункті Орал қаласында орналасқан. Кәсіпорын өнімі Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облысының нарығына шығарылады.
Серіктестіктен кейін кандидаттар облыс орталығы Орал қаласындағы жоғары оқу орындарының оқытушыларымен және студенттерімен кездесті. Жиынға шамамен 400-ге жуық адам қатысты. Кездесу «Заманауи ауыл үлгісі» тақырыбында өтті. Жиынға қатысушылар болашақта ауыл қандай болуы керек, қандай ауылды көргісі келетіні жайлы ой бөлісті.
Бүгін Алматыда Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидат, Қазақстан Халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаевтың қатысуымен сайлауалды бейбіт үгіт-насихат іс-шарасы өтті.
Ол қала халқының нақты табысының өсуі туралы ҚХП бағдарламасының негізгі бөлігінде баса назар аударылып отырғанын жеткізді. Шағын және орта бизнес саласы тұрғындарды жұмыспен қамтудың 65 пайыздан астамын қамтып отыр. Осы ретте төраға жұмысшылардың еңбегі бағаланып, әділ жалақы алуы маңызды екеніне назар аударды.
Сонымен қатар Е.Ертісбаев алматылықтарды қатты алаңдатып отырған экология мәселесіне кеңінен тоқталды. Ол Халық партиясы көмірге тыйым салуды, жылу электр станцияларында заманауи газ тазарту жүйелерін орнатуды, автокөліктерге арналған жанармайдың сапасын бақылауды талап ететінін жеткізді.
Қаланың кезек күттірмейтін мәселелерін шешу туралы айта келе, ол мегаполистің бұрынғы алмалы баққа оранған қала мәртебесін қайтару қажет екенін тілге тиек етті. ҚХП қала ішіндегі арықтар желісін қайтадан жаңарту, жауын-шашын суларын реттеу жүйесін қалпына келтіруді көздеп отыр. Сонымен қатар, партия су қорғау белдеулерін салу мәселесін шешу және жер мәселесін ретке келтіруді көздейді.
Түркия мен Сириядағы соңғы оқиғаларға байланысты Ермұхамет Ертісбаев оңтүстік астананың сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
Іс-шара соңында төраға партияның барлық жоспарларын жүзеге асыруға мүмкіндік 19 наурызда өтетін сайлаудан соң туатынын нақтылап айтты.
Сайлауалды үгіт-насихат жиыны барысында ұйымдастырушылар жиналғандарға Парламент Мәжілісі депутаттығына үміткерлер Эльмира Әуезова, Гаухар Танашева, Қуат Ерғалиев, Нұрсұлтан Шоқановты таныстырды.
Шара соңында танымал өнер адамдары алматылықтар үшін арнайы концерт қойды.