«Байтақ» жасылдар партиясының белсенділері Алматыда жастармен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Басқосуға саяси ұйым мүшелері – белгілі заңгерлер, дипломаттар мен саясаттанушылар қатысты. Жүздесу аясында партия бағдарламасының негізгі бағыттары түсіндіріліп, алдағы науқанның маңыздығы айтылды.
Партия белсенділері алдағы күндері де қарапайым сайлаушылармен және еңбек ұжымдарымен бірқатар кезедесу ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
«Ауыл» партиясынан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат Қайрат Айтуғанов, Серік Егізбаев, Рабиға Тоқсейітова, Николай Арсютин, Ілияс Досқожаев, Қуаныш Сейітжанов, Дәурен Рахымбек пен аталған партиядан түрлі деңгейдегі жергілікті мәслихаттарға кандидаттар Қарағанды облысына барды. Онда олар «Эталон LTD» ЖШС ұн тарту кешенінің еңбек ұжымымен, «Болашақ» академиясында сайлаушыларымен кездесті.
Осыдан кейін кандидаттар «Болашақ» академиясында сайлаушыларымен кездесті. Оқытушылар мен студент жастар қатысқан жиын академияның акт залында өтті.
Сондай-ақ, 6 наурызда ЖСДП-дан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына партия тізімі бойынша кандидаттар Нұрлан Әуесбаев, Ажар Сағандықова және бірмандаттық аймақтық округ бойынша кандидат Азамат Хайсин «Екібастұз 1-МАЭС» ЖШС жұмыскерлерімен кездесті.
Кандидаттар ЖЭО-дағы кезек күттірмейтін мәселелерді, сондай-ақ биліктің апаттан кейін іс-қимылдарын талқылады. Сонымен қатар, кездесу барысында партияның сайлауалды бағдарламасының басым бағыттары баяндалды.
6 наурызда Қазақстан Халық партиясы Орталық аппаратының кеңсесінде ЕҚЫҰ «Демократиялық институттар және адам құқықтары» өкілдерімен кездесу өтті.
Кездесуге ҚХП төрағасының орынбасары Наиль Сайфуллин, Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидат Магеррам Магеррамов және аппарат жетекшісі Мирас Әукенов қатысты.
ЕҚЫҰ/ДИАҚБ сайлауды бақылау миссиясының сарапшысы Рашад Ширинов науқан барысына қызығушылық танытты. Ол сайлау күні аталған ұйым мүшелері сайлау учаскелерінің ашылуын, дауыс беру үдерісін, бюллетеньдерді санауды және қорытынды шығаруды бақылайтынын баяндады.
Ал Respublica партиясының Көкшетаудағы жиындарына 1000-ға жуық адам қатысты
Елдің солтүстігінде сайлауалды тур жалғасуда. Respublica партиясының командасы Ақмола облысына келді. Бұл – науқан кезеңінде Қазақстанның 14-ші аймағы.
Көкшетау қаласында жалпы халықпен, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен, еңбек ұжымдарымен және Іскер әйелдер қауымдастығымен кездесулер өтті. Іс-шараларға барлығы 1000-ға жуық адам қатысты.
«AMANAT» партиясының Республикалық сайлауалды штабы Жамбыл облысына келді. Штаб мүшелері көпбалалы аналармен, еңбек ұжымдарымен, шаруалармен және Қаратау қаласының тұрғындарымен кездесті.
Таразда көпбалалы және ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған аналармен кездесу өтті.
Бұдан соң штаб мүшелері Қаратау қаласының жұртшылығымен жүздесіп, оған 200-ден астам адам қатысты. Тұрғындар жұмыссыздық, коммуналдық инфрақұрылымның тозуы, медицина қызметкерлерінің тапшылығы мәселелерін көтерді.
Осы күні «Қазфосфат» минералды тыңайтқыштар зауытының еңбек ұжымымен кездесу өтті. Партиялықтар еңбек адамын қолдауға және өндірістердегі қауіпсіздікті арттыруға бағытталған негізгі басымдықтар туралы айтты.