2023 жылы 19 наурызда елімізде Парламент Мәжілісінің және жергілікті мәслихат депутаттарын сайлау өтеді. Соған орай үміткерлердің сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Respublica партиясы еңбек ұжымдарымен кездесті
Respublica көшбасшыларының, сондай-ақ партиядан депутаттыққа кандидаттардың қатысуымен сайлауалды тур жалғасып жатыр. Бүгін Алматыда 100-ден астам адамды жұмыспен қамтып отырған «APR Construction» ЖШС құрылыс компаниясының жұмысшыларымен әңгімелесті.
Партия өкілдері жұмыс істейтін жастарды қолдаудың, кәсіпкерлерге мүмкіндік берудің маңыздылығын айтты.
Алдағы уақытта еліміздің басқа өңірлерінде де еңбек ұжымдарымен кездесулер өтеді.
ЖСДП кандидаттары сайлаушыларымен кездесті
ЖСДП кандидаттары сайлаушылармен бірге «Қазақстандағы өмір сапасының стандарттары қандай болуы керек?» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.
Іc-шара барысында әлеуметтік мәселелер көтерілді. Атап айтсақ, азық-түлік инфляциясы, коммуналдық тарифтердің құны, әлеуметтік кепілдіктер және мемлекеттік қолдау мәселелері қозғалды.
«Байтақ» - қоқыс өңдеушілермен кездесті
«Байтақ» жасылдар партиясының Мәжіліс депутаттығына кандидат Өскемендегі қоқыс өңдеу зауытының қызметкерлерімен кездесті.
Сағатына 25 тоннаға дейін қоқыстарды сұрыптауға қабілетті Орта Азиядағы алғашқы зауыт өз жұмысын өткен жылы бастаған болатын. Кездесу барысында қатысушылар экологиялық салаға қатысты көптеген мәселелерді, соның ішінде Қазақстандағы басты экологиялық мәселелердің бірі – қоқыс өңдеу мәселесін талқылады.
Сондай-ақ, жалақы туралы да мәселе көтерілді. Қызметкерлер өздерінің ауыр еңбегі үшін 140-180 мың теңге ғана жалақы алатынын айтты.
Қазақстан Халық партиясы кеншілермен кездесті
Ермұхамет Ертісбаев жергілікті мәселелерді жақсы біледі. Сондықтан ол бірінші болып «Арселор Миттал» кәсіпорнының ұжымымен кездесу үшін Теміртауға барды.
Басқосу барысында ҚХП басшысы партияның еліміздің тау-кен-металлургиялық кәсіподақ ұйымдарымен ынтымақтастығы, сондай-ақ нақты секторды дамыту жоспарлары туралы айтты.
Сонымен қатар халықаралық еңбек ұйымының стандарттарына сай кеншілер мен металлургтердің жұмыс барысында денсаулығын жоғалтқан жағдайда қосымша ақы төлеуді, құқықтық қорғау керек.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстандағы олигархиялық капитализм дәуірі аяқталып келеді» – деп мәлімдеді. – Ел азаматтарының алдында әлеуметтік жауапкершілік кезеңі басталады.
Қарағандыға келген Ермұхамет Ертісбаев Костенко атындағы шахта кеншілерімен кездесті. Мұндағы пікірталас тақырыбы – өндірістік жарақаттану мәселелері болды.
Көшпелі кездесу жергілікті орталық әмбебап дүкен кәсіпкерлерімен қорытындыланды.