Сайлау-2023: Елімізде 12 млн-нан астам азамат сайлау құқығына ие

19 Наурыз 2023, 06:38
2389
Бөлісу:
Сайлау-2023: Елімізде 12 млн-нан астам азамат сайлау құқығына ие
Фото: strategy2050.kz

Орталық сайлау комиссиясы елімізде сайлауда дауыс беруге құқылы адам санын атады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Сайлау комиссияларының біртұтас жүйесіне басшылық ететін орган таратқан мәліметке сәйкес, республикада дауыс беру құқығы бар 12 032 550 азамат бар. 

Сайлау туралы заңның 4-бабына сәйкес сайлауда он сегіз жасқа толған ел азаматтары дауыс бере алады. Саяси процеске тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымы мен тұрғылықты жеріне қарамастан қатысуға құқылы.

Сондай-ақ сайлауға сот үкімімен бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтар қатыспайды.

Еске сала кетейік, бүгін, 19 наурызда елде Мәжіліс және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді. 

Бұл сайлаудың ерекшелігі – Мәжіліс пен мәслихаттар жаңа үлгіге сәйкес жасақталады. 

Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім арқылы, қалған 30 пайызы бірмандатты округтерден сайланатыны белгілі болды. Ал облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихат депутаттары аралас жүйе бойынша дауыс беру нәтижесінде сайланады.  

Сондай-ақ депутаттардың 50 пайызы бірмандаттық жүйеден, 50 пайызы партиялық тізім арқылы өтеді. Аудан және облыстық маңызы бар қалалардағы мәслихат сайлауында азаматтар бір мандатты округтерден шыққан кандидаттарды сайлайды. 

Өзгелердің жаңалығы