Сайлау-2021: Жамбыл облысы ауылдары тұрғындарының белсенділігі жоғары болды

25 Шілде 2021, 21:39
3489
Бөлісу:
Сайлау-2021: Жамбыл облысы ауылдары тұрғындарының белсенділігі жоғары болды
PHOTO
Фото: автордан

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысында саяси науқан 38 ауылдық округте өтті. Кандидаттардың 67 %-ы саяси партиялардың қатарынан болса, қалған кандидаттар өзін-өзі ұсынған азаматтар саналады. Олардың 20 %-ы – әйелдер.

Сайлау-2021: Жамбыл облысы ауылдары тұрғындарының белсенділігі жоғары болды

Әулиеата аймағы бойынша ең көп үміткерлер Жамбыл ауданында тіркелген екен. Аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Бауыржан Көшербаевтың сөзіне қарағанда, мұнда 5 ауылдық округтің әкімдерін сайлау процесі сәтті өтті.

Сайлауға түскен кандидаттардың жалпы саны – 15 азамат, солардың 5-уі – әйелдер. Таңғы сағат 07:00-ден 10 сайлау учаскесі ашылып, жұмысын бастап кеткен болатын. Сайлау учаскелері барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып 20:00-ге дейін тынымсыз жұмыс істеді, - деп атап өтті ол.

Жамбыл ауданының орталығы Аса ауылының тұрғыны, 110 жастағы кейуана да саяси науқанға қатысып, таңдауын жасады. Қазақстандағы ең қарт әжейдің бірі саналатын Күлбарам Сүгірова өз үйінде дауыс берді.

Сайлау-2021: Жамбыл облысы ауылдары тұрғындарының белсенділігі жоғары болды

Мен шенеунікке емес, елімнің тыныштығы үшін даусымды бердім. Халықтың амандығы бәрінен қымбат. Әйтеуір жақсылық болса деген ниеттеміз, – деді ол.

Қимыл-қозғалысы ширақ, әлі де болса тың Күлбарам Сүгірова өмірлік зайыбымен бірге екі қыз өсірген.

Еңбек еткен адамның екі бүйірі шығады. Қызылша алқабының басында күн демей, түн демей еңбек еттім. Соның арқасында бұйырған марапаттың барлығын еншіледім. Бейнетімнің зейнеті шығар, әрбір мереке сайын Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та арнайы құттықтауларын жолдап тұрады. Мемлекет басшысының бастамасына бүгін мен де үн қосып, даусымды беріп отырмын. Осы таңды көруді жазған Аллаға мың да бір шүкіршілік, - деген қария ақ батасын да берді.

Ал Жуалы ауданы бойынша Боралдай, Қарасаз, Қызыларық, Мыңбұлақ ауылдық округтері әкімдерін сайлау процесі өтті. Ауылдың көркеюіне ұйытқы болғысы келген, өздері қалаған әкімдерін сайлауға мүдделі ауыл тұрғындарының қатары көп. Солардың бірі – Ақтөбе ауылының тұрғыны, 86 жастағы тыл ардагері Атания Кәрібаева ауыл әкімі сайлауында даусын берді.

Осы аудандағы белгілі қаламгер Шерхан Мұртаза туған аядай ғана елді мекен де саяси науқаннен шеткері қалған жоқ. Талапты ауылының 90 жастағы тұрғыны Рахман ақсақал да түс қайта өз таңдауын жасады. Ол жаңа сайланатын әкімнен Шерағаңның өткірлігі мен Баукеңнің жүректілігін көргісі келетінін жасырмады.

Жалпы, Жуалыда 7 634 сайлаушы болса, оның 6 103-і таңдау жасап, дауыс берді. Бұл аталған округтердегі сайлаушылардың 79,9 %-ын құрайды.

Сайлау-2021: Жамбыл облысы ауылдары тұрғындарының белсенділігі жоғары болды

Аймақтағы Меркі ауданында орын тепкен Андас батыр мен Ақарал ауылды округтерінің әкімдерін де тікелей халық сайлады. Сайлаушылар таңертеңнен бергі науқанда белсенділік танытып, сайлау учаскелеріне көптеп келді. Солардың қатарында Андас батыр ауылдық округіне қарасты Қызылқыстақ ауылының тұрғыны, 101 жастағы қарт әжей Жамбыгүл Ахметова да бар. Ол ел болашағы, ауылдың ертеңі үшін таңдау жасап, даусын берді.

Сайлау науқанына қатысып, өздерінің заңды құқықтары мен мүмкіндіктерін барлық ауыл тұрғындары пайдаланды. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар да назардан тыс қалған жоқ. Саяси науқан барысында жалпы 10 мүмкіндігі шектеулі азамат үйінен таңдау жасады. Олардың ішінде Ақарал ауылдық округінде тұратын 3 азамат, Андас батыр ауылдық округінің 7 тұрғыны бар. Мүгедек азаматтардың бірі Ирина Грабоваға тасымалдау жәшігін №296 сайлау учаскесі сайлау комиссиясының мүшелері апарды. Ирина Михайловна қолына бюллетень алып, кандидатын белгілеп, жәшікке салды.

Мен де Қазақстанның тұрғынымын. Құқығымды пайдаланып, дауыс беруге мүмкіндік жасаған жергілікті билікке алғысымды айтамын. Елге, халыққа жаны ашитын азаматтың қызметке келгені керек, - деп атап өтті ол.

Сайлау-2021: Жамбыл облысы ауылдары тұрғындарының белсенділігі жоғары болды

Елорда уақытымен сағат 07:00-де басталған ауыл әкімдерінің сайлауы Т.Рысқұлов ауданындағы Абай, Тереңөзек, Жаңатұрмыс, Қорағаты, Қарақыстақ, Ақыртөбе, Қайыңды және Өрнек ауылдық округтерінде өтті. Оларда 16 сайлау учаскесі сайлаушыларға есіктерін айқара ашты. Осылайша, аталған ауданда 8 ауылдық округтің әкімі сайланады.

Ауыл тұрғындары бұл саяси науқанға белсене қатысып, өз таңдауларын жасады. Мысалы, Қарақыстақ ауылының тұрғыны, кәмелет жасқа биыл ғана толған Мейрамұрат Шәкәрім Әбдімәлікұлы алғаш рет ауыл әкімдерінің сайлауында №349 сайлау учаскесіне барып, өз даусын берді.

Ел тарихында алғаш рет өтіп жатқан ауыл әкімдерінің жаңа форматтағы сайлауына Абай ауылдық округіндегі №346 сайлау учаскесінде комиссия төрағасы, ардагер Рысбек Секербеков және өзге ұлт өкілі Нагима Бекпанова өз таңдауларын жасаса,. Жаңатұрмыс ауылының тұрғыны, 98 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Шалданбай Шаңбаев та таңдауын жасап, даусын берді.

Сайлау-2021: Жамбыл облысы ауылдары тұрғындарының белсенділігі жоғары болды

Ұйымдастырушылар тарапынан сайлау учаскесіне ең бірінші келіп дауыс бергендерге, тұңғыш рет таңдау жасағандарға, сайлау күні туғандарға және жасы ең үлкен сайлаушыларға арнайы сыйлықтар табысталды.

Еліміздегі саяси дода, жаһанданудың жаңа жолына жеткізер ауыл әкімдерінің сайлауында Т.Рысқұлов ауданында әр ауылдық округтен 3 кандидаттан, жалпы 24 кандидат бақ сынады. Оның 9-ы өзін-өзі ұсыну жолымен, 7 кандидат «Нұр Отан» партиясынан ұсынылса, 8 кандидат «Ақ жол» партиясынан ұсынылған.

Барлық 16 сайлау учаскесінде санитарлық талаптар мұқият сақталған. Сайлау учаскелері толықтай жеке қорғаныш заттарымен, антисептик, пирометрмен қамтылған. Әлеуметтік арақашықтықты сақтау, әрбір дауыс берушінің дене қызуын өлшеу, медициналық маска және қолғаптың болуы тексерілді. Санитарлық талаптарға сай комиссия мүшелері арақашықты сақтап, медициналық қорғаныш киімдерімен қамтамасыз етілген.

Т.Рысқұлов ауданында сайлау өтіп жатқан 8 ауылдық округте 12 866 дауыс берушілер бар екен. Бұл сайлау науқанына 60 сенімді өкіл тіркелген. 92 учаскелік және 7 аудандық сайлау комиссиясы мүшелері бар. Олардың барлығы толығымен вакцинадан өткен және ПТР-тест тапсырған. Сонымен қатар, ауданның «Партиялық емес бақылау орталығы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің тәуелсіз байқаушылары да сайлау барысын қалт жібермей қадағалап отыр.

Сайлау-2021: Жамбыл облысы ауылдары тұрғындарының белсенділігі жоғары болды

Талас ауданында Бостандық, Аққұм, Ойық және Қызыләуіт ауылдық округтерінде ауыл әкімдерін сайлау өтті. Мұнда саяси партиялар да белсенділігін танытты. Мәселен, Nur Otan партиясынан – 3, Қазақстан халық партиясынан – 3, «Ақ жол» партиясынан 2 үміткер ұсынылса, 4 адам өзін-өзі ұсынған.

Орташа бәсекелестік бір орынға 3 адамнан айналып отыр. Жалпы тіркелген 12 кандидаттың оны ер, екеуі әйел кісі. 11 адам мемлекеттік қызметкер болса, 1 адам мәдениет саласының қызметкері. Жас ерекшеліктері бойынша орташа 39 жасты құрап отыр.



Өзгелердің жаңалығы