Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкент қаласы ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына алғаш рет республикалық маңызы бар қала мәртебесінде қатысады. 1 миллионнан астам, дәлірегі 1 014 013 тұрғыны бар Шымкентте 600 мыңға жуық сайлаушы тұрады.
Бұл 2016 жылдың 20 наурызындағы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауындағы сайлаушылар санынан 1,5 еседей артық. Бұл туралы Шымкент қалалық сайлау комиссиясының хатшысы Қайырбек Құнанбаев мәлімдеді.
9 маусым – ҚР президентінің кезектен тыс сайлауында Шымкентте 260 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Олардың 19-ы жабық сайлау учаскесі саналса, қалған 25 сайлау учаскесі жаңадан ашылған екен. Осы 260 сайлау учаскесіне 568 794 сайлаушы тіркелген.
«2019 жылғы 20 мамырға Шымкент қаласы бойынша сайлаушылар саны 568 794 адамды құрады. 2016 жылғы 20 наурыздағы сайлау науқанымен салыстырғанда 229 579 адамға көбейді. 2016 жылғы сайлауда 339 419 сайлаушы болған еді. Шымкент қаласы әкімдігі тарапынан сайлаушылардың тізімдерін тағы да нақтылау мақсатында орталықтандырылған «Жеке тұлғалар» мемлекеттік дерекқор базасына сәйкес екі жерде қайталанған, қайтыс болған, көшіп кеткен сайлаушыларды тізімнен шығарып, ал жаңадан көшіп келген және 2019 жылғы 8 маусымға дейін 18 жасқа толып сайлау құқығына ие болған сайлаушыларды тізімдерге енгізу жұмыстарын жүргізді»,-дейді Шымкент қалалық сайлау комиссиясының хатшысы Қайырбек Құнанбаев.
Қазіргі таңда Шымкент қаласында 35 мың мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Олардың 29 773-ні сайлауға қатысуға құқығына ие.
«Алғаш рет сайлау учаскелері Орталық сайлау комиссиясы тарапынан мүмкіндігі шектеулі азаматтарға керек ұлғайтқыштармен (лупа), трафареттермен, аудио-бейне материалдар мен әдістемелік нұсқаулықтармен қамтамасыз етіледі. Өз тарапымыздан мүмкіндігі шектеулі азаматтарды арнайы бұрыштамамен (компьютер, құлаққап, стол және тағы басқа), оларға арналған дауыс беру кабиналарымен, тактильдік жолақтармен, пандустармен және оларды сайлау учаскелеріне жеткізу үшін инво-таксимен қамтамасыз етеміз»,-деді Қайырбек Құнанбаев.
Оның айтуынша, аудандық әкімдіктерде Cаll-орталықтарының жұмысы ұйымдастырылыпты. Сонда сайлаушы өз учаскесінің орналасқан жерін анықтайды. Бүгінге дейін Cаll-орталықтарынан 145 сайлаушы ақпарат алған.
«Шымкент қаласы әкімдігінің және қаладағы төрт аудан әкімдіктерінің ресми сайттарына учаскелік сайлау комиссияларының орналасқан мекен–жайлары шекаралары, қай сайлау учаскесінде дауыс беретіндігі туралы ақпараттар енгізілген. Әр сайлаушы анықтама алу үшін төрт аудан әкімдіктерінің мекен-жайлары мен байланыс телефондары көрсетілген колл-центр ашылып, бұқаралық ақпарат құралдары мен ресми сайттарында жарияланды»,-дейді Қайырбек Құнанбаев.