Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкент қаласындағы №32 сайлау учаскесіне алғашқы сайлаушылар таңертең сағат алтылар шамасында келген. Таңғы сағат 07:00-де сайлау учаскесі ашылғанша сыртта күткен. Бұл туралы №32 сайлау учаскесінің учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы Каныткуль Жанабаева мәлімдеді.
Орталығы – Шымкент қаласының 4 шағынауданындағы №78 жалпы орта мектебінде орналасқан №32 сайлау учаскесіне 2806 сайлаушы тіркелген. Олардың 30 шақтысы таңертең сайлау учаскесі ашылмай жатып, сағат 6 аса келіп алған.
"Сайлау комиссиясының мүшелері таңғы сағат 6:00-ден бастап осында болдық. Сайлау комиссиясы мүшелерімен бірге бюллетендерді алып, санап бөлдік. 2806 сайлаушы болса, берілген бюллетень саны – 2827 дана. Біздің учаскеге таңғы сағат 6:30-дан бастап адамдар келе бастады. Сыртта күтіп тұрды. Бюллетендерді таратып болғаннан кейін, сайлау жәшігімізді пломбыладық. Содан кейін әнұран айтылды. Әнұран айтылып болғаннан кейін сағат 07:00-де учаскесінің есігін аштық. Таңертең ерте келген сайлаушылардың дені – егде және орта жастағы адамдар. Арасында жастар да болды. Таңертең сағат 07:00-де сайлау учаскесін ашқанымызда 40-50 шақты адам дауыс берді", - дейді учаскелік сайлау комиссияның төрайымы Каныткуль Жанабаева.
Таңғы сағат 9-дарға дейін барлығы 150-дей сайлаушы дауыс беріпті.
"Көбі егде және орта жастағы кісілер. Әйелдер де ерлер де бірдей келіп жатыр. Жастар да бар. Мен бұған дейінгі сайлауларда да учаскелік айлау комиссиясының құрамында болдым. Қазіргі сайлаушылардың белсенділігін жаман емес деп бағалаймын. Мен бұл учаскеде екінші рет сайлау комиссиясына мүшемін. Таңғы уақытта көп келді. Енді түске таман көбірек келеді. Түсте жиі келеді. Бүгін жексенбі болғандықтан, көбі қазір үйінде демалып жатыр. Асықпай келеді. Таңертеңімен көбіне егде жастағы кісілер қатысады", - дейді Каныткуль Жанабаева.
Каныткуль Жанабаева 18 жасынан бастап барлық сайлауда дауыс береді. Содан бері ешбір сайлауды жібермеген.
Осы орайда №32 сайлау учаскесіне келіп, дауыс берген сайлаушыларды сөзге тарттық. Біраз сайлаушы сұқбат беруден бас тартты.
Соның арасынан «Сұхбат бергім келмейді» деген сайлаушы әйел кісіден «Неге сұқбат бермейсіз, қорқасыз ба?» деп сұрағыма «Жоқ, қорықпаймын» деп жауап берді.
Бірақ, аты-жөнін айтпады. 45-50 жас шамасында екен. Қысқа сөйледі. Айтуынша, 18 жасынан бастап сайлауға қатысады. Президент сайлауларының барлығына қатысыпты.
"Сайлауға 18 жасымнан бастап қатысып келемін. Барлық президент, сайлауларына қатыстым. Азаматтар өзінің азаматтық ұстанымын білдіру үшін сайлауға қатысып, дауыс беруі қажет. Отбасымызда үш адам кәмелет жасына толған. Сайлауда дауыс беру құқына ие. Бәріміз де сайлауда дауыс береміз. Ал сайлауда дауыс беруден бас тартатындарға қатысты айтарым – әркім де өз ой-пікірін солай жеткізеді. Оларды даттай алмаймын", - дейді сайлаушы.
Шымкент қаласындағы №32 сайлау учаскесінің негізгі сайлаушылар 4 шағынаудан тұрғындарынан құралған. Бұл сайлау учаскесінің қамту аумағына 4-шағынауданындағы № 1/1, 1а, 1б, 1в, 1г, 2, 3д, 4, 4а, 5, 5а, 5б, 5в, 5г, 8, 8а, 8б, 13, 13д, 14а, 14д, 14е, 15а, 15д, 16в, 20, 17, 17а, 17б, 17в, 17д, 17е, 19, 19а, 21, 22, 23, 27, 28, 30, 34, 34а, 35, 38, 39, 40, 41, 44, 48, 56г, 62, 72, 73, 75, 77, 78, 79, 85/1, 85а, 85б, 89, 89а, 90/14, 91/2 көпқабатты тұрғын үйлер кіреді.
Айта кетсек, Шымкентте 9 маусым – ҚР президентінің кезектен тыс сайлауында Шымкентте 260 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр. Олардың 19-ы жабық сайлау учаскесі саналса, қалған 25 сайлау учаскесі жаңадан ашылған. Осы 260 сайлау учаскесіне 568 794 сайлаушы тіркелген. Сол 260 сайлау учаскесінің 113-інде тіркелген сайлаушылар саны 2500-3000 адам арасында болып отыр.