Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жаңа жыл қарсаңында “Түркістан” басылымына берген сұхбатына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат қазіргі кезеңді “ақпараттың емес, мағынаның дәуірі” деп сипаттап, әлеуметтік желілердің жылдам әсеріне қарамастан, сапалы баспасөздің ағартушылық және талдамалық рөлі арта түскенін атап өтті.
Ойлануға үйрететін, асықпай оқылатын мәтіндер – қоғамның зияткерлік иммунитеті. Оқитын ұлт қана алдыңғы қатарда болады, – деді ол.
Президент сұхбатында 2025 жылдың экономикалық көрсеткіштері оң болғаны айтылған. Экономикалық өсім 6 пайыздан асып, жалпы ішкі өнім 300 миллиард долларға жеткен. Алайда Бибігүл Жексенбай бұл көрсеткіштерге тоқмейілсуге болмайтынын, Мемлекет басшысының басты талабы – экономикалық өсімнің азаматтардың тұрмыс сапасына тікелей әсер етуі екенін атап өтті. Инфляцияны тежеу мен әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтау Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар үшін негізгі міндет болып қала береді.
Депутат өткен жылдың басты қорытындысы ретінде реформалардың қайтымсыздығын атады. Оның пікірінше, бұл – саяси ұран емес, тарихи таңдау.
Президент үшін популизм емес, нақты нәтиже маңызды. “Бізде басқа жол жоқ” деген сөз – үлкен жауапкершіліктің көрінісі, – деді сенатор.
Салық реформасына да ерекше тоқталған Бибігүл Жексенбай жаңа Салық кодексінің фискалдық шара емес, экономикалық ойлаудың өзгеруі екенін айтты. Бұл мемлекет, бизнес және азамат арасындағы жаңа қоғамдық келісім ретінде қарастырылып отыр. Әділетті салық жүйесі әлсіз топтарды қорғап, экономиканың тірегін күшейтуге бағытталуы тиіс.
Энергетика және коммуналдық инфрақұрылым саласындағы мәселелер де Президент сұхбатында ашық айтылған. Депутаттың айтуынша, бұл салада нақты модернизация басталып, апаттық тәуекелдер азайған.
Мұнда көзбояушылық емес, нақты нәтиже маңызды, – деді ол.
Тариф саясатына қатысты да Мемлекет басшысының ұстанымы айқын. Арзан тарифтердің байларға жасырын субсидия болғанын айтқан сенатор “көп тұтынсаң – көп төлейсің” қағидаты әділетті экономиканың негізі екенін жеткізді. Ал әлеуметтік осал топтар адресаттық қолдаумен қамтамасыз етілуі тиіс.
Сонымен қатар Қазақстанның транзиттік әлеуеті, аграрлық секторды дамыту, туризм, цифрландыру, жасанды интеллект, атом энергетикасы мен сирек кездесетін металдар саласы ел үшін жаңа мүмкіндіктер көзі ретінде бағаланды. Бұл бағыттарда адам капиталына инвестиция салу – басты басымдық.
Қаңтар оқиғалары, заңсыз активтерді қайтару және сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелеріне тоқталған депутат бұл шаралар әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіруге бағытталған жүйелі саясат екенін айтты.
Патриотизм ұғымына қатысты да Мемлекет басшысы нақты өлшем ұсынған.
Патриотизм – ұран емес, адал еңбек. Елге қызмет етіп жүрген қарапайым мамандар – нағыз отаншыл азаматтар, – деді Бибігүл Жексенбай.
Сенатордың айтуынша, Президент сұхбатында 2026 жыл тағдырлы кезең ретінде аталды. Алда саяси және экономикалық реформалардың жаңа кезеңі басталады. Бұл жол оңай емес, бірақ Қазақстан шындыққа тура қарап, жауапкершілікті таңдады.
Мемлекет басшысының «Turkistan» газетіне берген сұхбатының толық нұсқасын мына жерден оқи аласыздар.