Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Саяси тұрақтылық үшін Конституцияның өтпелі кезеңі нақты рәсімделеді

Аида БАТУХАН
Бүгiн, 17:00
185
Бөлісу:
 Конституциялық сот
Фото: Конституциялық сот

Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның кезекті отырысында Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева Қазақстанның жаңа Конституциясы жобасында өтпелі кезеңге қатысты барлық рәсімдер, мерзімдер мен регламенттерді нақтылап көрсету қажет екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың пікірінше, елдегі саяси және құқықтық үрдістердің үздіксіздігін қамтамасыз ету үшін жаңа Конституцияның күшіне ену тәртібі біржақты әрі түсінікті болуы тиіс.

Ол ең алдымен Конституция ережелерінің нақты қай сәттен бастап күшіне енетінін айқындау маңызды екенін атап өтті.

Жобада Конституцияның ережелері республикалық референдум нәтижелері ресми жарияланған күннен бастап па, әлде нақты белгіленген өзге бір күннен бастап күшіне енетіні анық көрсетілуі керек», - деді Снежанна Имашева.

Сонымен қатар депутат өтпелі кезеңде қазіргі мемлекеттік билік органдарының мәртебесін реттеу мәселесіне назар аударды. 

Оның айтуынша, қазіргі Парламенттің өкілеттігін қай мерзімге дейін жүзеге асыратыны, сондай-ақ Құрылтай сайлауының қашан және қандай тәртіппен өткізілетіні нақты жазылуы қажет.

Бұл мәселелерді заңнамалық функцияның үздіксіздігін қамтамасыз ету және Конституцияның институционалдық жаңашылдықтарын іске асыру қажеттілігін ескере отырып қарастырған жөн», - деп атап өтті ол.

Снежанна Имашева сондай-ақ өтпелі ережелерде бірқатар негізгі конституциялық институттардың жаңа құрамын қалыптастыру тетіктері де айқындалуы тиіс екенін айтты. Атап айтқанда, Конституциялық сот, Орталық сайлау комиссиясы және Жоғары аудиторлық палатаның жаңа құрамын жасақтау тәртібі нақты көрсетілуі қажет.

Бұдан бөлек, негізгі мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларын тағайындау рәсімдері де арнайы регламенттелуі тиіс.

Осы рәсімдерді нақты бекіту құқықтық айқындылықты қамтамасыз етіп, институционалдық ауысу кезеңінде конституциялық органдардың жоқтығы сияқты жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді», -деді депутат.

Сондай-ақ ол қолданыстағы заңнаманың тағдырына қатысты мәселеге ерекше назар аудару қажеттігін жеткізді. 

Оның айтуынша, жаңа Конституция күшіне енген күні қолданыста болатын заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің күшін сақтау-сақтамау тәртібі және оларды жаңа Конституция нормаларына сәйкестендіру мерзімдері нақты белгіленуі тиіс.

Бұл ережелерді бекіту құқықтық айқындылықты, мемлекеттік институттардың жұмысын болжауды және өтпелі кезеңде әрбір органның өкілеттік шектерін нақты айқындауды қамтамасыз етеді», - деп қорытындылады Снежанна Имашева.

Өзгелердің жаңалығы