Алматы, BAQ.KZ тілшісі. "Сайлау және саяси партиялар туралы" ҚР заңына түзету енгізу саяси белсенді азаматтарға саясатқа араласуға мүмкіндік беру, азаматтардың белсенділігін арттыру үшін жасалып отыр. Бұл туралы саясаттанушы Айдос Сарым тілдесу барысында айтты.
Оның айтуынша, бүгін қабылданған Заңның бәрі президенттің алғашқы саяси реформалау ұғымына сай қабылданған шешімдері аясында жасалған.Бұл шешімдердің маңызы алдағы уақытта болатын сайлауға, партияларға және саяси ойыншыларға, саяси белсенді азаматтарға саясатқа араласуға мүмкіндік беру, азаматтардың белсенділігін арттыру қадамдары, - дейді ол.
Саясаттанушы бұл заң әсіресе саяси партиялар үшін маңызды деген ойын білдірді.
Қазір қоғамның ішіне барып сауалнама жүргізетін болсақ, күйбең тіршілікпен жүрген азаматтарға бұл заңның аса бір пайдасы да жоқ. Партия құру үшін қанша қол жинау керек деген мәселе көпшілікті алаңдата бермейді. Бұл негізінен саяси белсенді топтың алғашқы ұстанымдарының бірі болатын. Яғни, бұл заң өзгермей, реформаланбай ешқандай демократия болмайды дегендей айтатын. Бүгін осы заңға қатысты "біз айтқандай болмады, ұнамайды" деп айтып жатқан белсенді топтар да бар. Алайда, саясат дегеніміз «менің айтқаным ғана болу керек» дейтін дүние емес. Енді мықты деген сынаушылардың өзі осы заңмен өмір сүріп көрсін, 1995 жылғы заңмен салыстырсын. Егер осы заң қабылданған соң бұрынғы жағдайдың бәрі қайталанатын болса, онда бұл заңның күші, пәрмені жоқ деп айтуға болады. Рузвельттің "белгілі бір заңды өзгерту үшін алдымен онымен өмір сүріп көру керек" деген сөзі бар. Саяси партиялар митингілерге, басқасына ұсыныс, талаптарын беріп, оның бәрі орындалып жатса онда заң өз қызметін орындап отыр деген сөз, - дейді А. Сарым.
Сөз арасында ол Сайлау жөніндегі заңға бірнеше өзгеріс енгізілгенін атап өтті.
Бүгін Сайлау туралы заңға өзгерістер енді. Алдағы жарты жылда Парламент Мәжілісі өз пәрменін жояды, да, жаңа сайлау жарияланады. Одан кейін іле-шала еліміздегі облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттардың сайлауы өтеді. Олар да партиялық тізім бойынша өтеді. Қазір бізде 335 үстінде Мәслихат депутаты бар. Олардың дүйім көпшілігі ер азаматтар және жасы үлкендер. Жаңа заң бойынша енді әр партия мүшелерінің кем дегенде 30 пайызын жастардан және әйелдерден жасақталу керек деген талап қойылып отыр. Бұл 30 пайызбен шектелмейді, мүмкін бәрін тек қыз-келіншектерден немесе жастардан жасақтауы да мүмкін, - дейді ол.
Сөз арасында ол, бұл жерде тек саяси партиялар ғана емес, азаматтар да белсенділік таныта бастауы керек деген ойын білдірді.
Күнделікті өмірге жақын билік тарабы ол Мәслихат. Аймақтық бюджет, оның дұрыс қаралуы, қабылдануы деген дүниелер бар. Қазақстанның 30 жылдық тарихында басқа өңірлерді қойып, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларының өзінде партиялар тарапынан балама бюджет, балама бағдарлама ұсыну мәселесі ешқашан қарастырылмапты. Яғни, әкімдік сіздің жасаған бюджетіңіз дұрыс емес, міне біз өз бюджетімізді немесе бағдарламамызды дайындап әкелдік деген жағдай болмапты. Яғни, саяси партиялар белсенділік таныту керек. Тек Nur Otan ғана емес, белсенді 2-3 партия болса, онда аудан әкімдерінің тіршілігі басқаша болады. Өкінішке қарай, біздің партиялар қалада ғана отыр. Бізге саяси партиялардың аудан, ауылға дейін жеткені керек. Әр ауылда белсенді он шақты мүшесі болса, олар ауылдың әр тиынын есептеп, әкімді дұрыс жұмыс істеуге итермелейтін еді, - дейді саясаттанушы.