Саясаттанушы: Жолдаудың Парламент сессиясының жаңа маусымында жариялануының өз себебі бар

1 Қыркүйек 2021, 20:43
1371
Бөлісу:
Саясаттанушы: Жолдаудың Парламент сессиясының жаңа маусымында жариялануының өз себебі бар

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті Қазақстан халқына Жолдауы жайлы ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бөлім басшысы Әсел Назарбетова өз ойымен бөлісті.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті Қазақстан халқына жолдауы ҚР Парламенті сессиясының жаңа маусымының ашылуында жариялануы дәстүрге айналып отыр. Бұл өз кезегінде жаңа саяси маусымды жаңа міндеттер күтіп тұрғандығын, олардың жүзеге асырылуына биліктің барлық тармақтары жауапты екендігін аңғартады. Сонымен қатар, халықтың орталық мемлекеттік органдардың жұмысын бағалауы көп жағдайда Жолдауда қойылған тапсырмалардың тиісті деңгейде орындалуымен тікелей байланысты – дейді сарапшы.

Оның ойынша, биылғы Жолдаудың басты өзегі – былтырғы жылдан өршуін тоқтатпай тұрған пандемиядан кейінгі экономикалық даму, халықтың әл-ауқатын ары қарай да жақсартуға байланысты, жаңа жағдайдағы Қазақстанның іс-қимылдарына жан-жақты көңіл бөлініп, дамудың бір-бірімен тығыз байланыстағы басым бағыттары.

Мемлекет басшысы еліміздің стратегиялық мақсаты ретінде Орталық Азия аймағындағы көшбасшы рөлін нығайту, әлемдік экономикада өз орнын айқын бекіту деп атап өтуі осы бағыттағы тәуелсіздіктің 30 жылында жеткен жетістіктерді одан ары жетілдіру, қазіргі жаһандық саясатта қалыптасқан ахуалға уақтылы, жедел және кәсіби түрде тойтарыс беру қажет екендігін көрсетеді – дейді ол.

Сондай-ақ, сарапшы Тоқаевтың Жолдауда айтқан «Ауғанстандағы жағдай, жаһандық шиеленістің жалпы артуы қорғаныс-өнеркәсіптік кешен мен әскери доктринаны қайта жүктеу міндетін қойды. Қорғаныс қабілетін нығайту, тиімділікті арттыру, қатерлерге қарсы әрекет ету де мемлекеттік маңызы бар басымдықтарға айналуы тиіс», - деген сөзін келтірді.

Осыған дейінгі Әскери доктрина 2017 жылы бекітілген болатын. Ауғанстандағы қазіргі ахуал жалпы әлемнің, соның ішінде қазақстандық қоғамның да алаңдаушылығын тудыруда. Бұл елде бейбітшілік пен тұрақтылықтың орнауына Орталық Азия аймағы елдері мүдделі. Айта кетерлігі, болып жатқан оқиғалар Қазақстанға тікелей қауіп төндірмейді, бірақ, әрине, олар белгілі бір тәуекелдерді тудырады – дейді саяси сарапшы.

Сонымен қатар Әсел Назарбетова бұл өз кезегінде еліміздің жағдайдың күрделі сипатта өрбуіне дайын болуын талап ететінін атап өтті.

Қазақстанның және аймақтың қауіпсіздігіне сыртқы сын-қатерлерді модельдеудің өзектілігін байқатады. Қорғаныс саласында олқылықтардың барлығын таяу арадағы Жамбыл облысында болған оқиға да айқын көрсетті. Осы орайда ҚР Президенті Қ.Тоқаев: «Стресс-тесттер өткізу, сценарийлерді әзірлеу қажет, соның негізінде мемлекеттік аппараттың іс-қимыл жоспарлары әзірленеді және түзетіледі», - деп атап өтті – дейді сарапшы.
Өзгелердің жаңалығы