Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Саясаттанушы экономикалық саясатта нақты сектордың неге басты басымдыққа айналғанын түсіндірді

Бүгiн, 21:55
189
Бөлісу:
 Ақорда
Фото: Ақорда

Бүгін Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Күн тәртібінде банк жүйесін сауықтыру, өндіріс пен бизнесті қолдау, инвестициялық ахуалды жақсарту және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселелері талқыланды. Экономикаға нақты ықпал ете алатын шешімдерді түсіну үшін BAQ.KZ тілшісі саясаттанушы Жанат Момынқұловпен әңгімелесті.

Саясаттанушының пікіріншк, отырыстың негізгі сигналдарының бірі- банктердің кредиттік саясатындағы басымдықтардың өзгеруі. Мемлекет өнеркәсіп пен шағын бизнесті қолдау үшін тұтынушылық несиелермен ғана шектелмей, нақты секторды қаржыландыруды ынталандыруға ниетті.

Президент банктерге нақты әрі айқын белгі берді: кредиттік саясатқа формалды қарауға және тек тұтынушылық несиелерге басымдық беруге жол берілмейді. Билік назарды нақты сектор мен өндіріске аударуды көздеп отыр, бұл банктік кредиттердің құрылымынан да көріне бастады. Бұл - жүйелі трансформация. Ол халықтың қарыз жүктемесін азайтуға, өнеркәсіп пен шағын бизнеске инвестицияны ынталандыруға, сондай-ақ ел экономикасының тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді, – деді саясаттанушы.

Отырыс барысында банк жүйесінің қаржылық тұрақтылығын нығайтуға бағытталған шаралар да қаралды. Билік банктердің жауапкершілікпен әрекет етіп, клиенттерді шамадан тыс қарыз жүктемесінен қорғау үшін қауіпсіздік «жастықтарын» қалыптастыруын қалайды.

Тұтынушылық кредиттердің шектен тыс өсуін тежеу үшін банктер қосымша капитал қалыптастыруы тиіс. Бұл -бюрократиялық формалдылық емес, азаматтарды қарыз жүктемесінен және ықтимал қаржылық тәуекелдерден қорғаудың нақты тетігі. Мұндай қадамдар қаржы жүйесін нығайтып, ұзақ мерзімді тұрақтылық кепілдіктерін жасайды, – деп атап өтті ол.

Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев инвестициялық күн тәртібіне және кәсіпкерліктің белсенді дамуына жағдай жасауға ерекше назар аударды. Мемлекет басшысы бюрократияны қысқарту және бизнестің жаңа мүмкіндіктерге қолжетімділігін жеңілдету қажеттігін атап өтіп, экономикалық либерализация қағаз жүзінде емес, іс жүзінде жұмыс істеуі тиіс екенін айтты.

Жанат Момынқұловтың пікірінше, бұл мемлекеттің бизнестің жұмысын нақты жеңілдетуге, тексерулер мен бюрократиялық кедергілерді азайтуға дайын екенінің кәсіпкерлерге берілген сигналы. Бұл өз кезегінде инвестиция тарту мен дамуға ашық, түсінікті жағдай қалыптастырады.

Тек осындай жағдайда ғана бизнес толыққанды дами алады, ал инвестициялық климат жаңа жобалар үшін ашық әрі тартымды болады, – деп түсіндірді саясаттанушы.

Бұдан бөлек, Президент азық-түлік қауіпсіздігі мен аграрлық секторды ұйымдастыру мәселелерін де көтерді. Ол шағын шаруашылықтарды кооперациялау және өнім өндіру мен өткізудің ашық жүйесін қалыптастыру қажеттігін атап өтті.

Сарапшының пікірінше, бұл шаралар импортқа тәуелділікті азайтуға және ұсақ фермерлік шаруашылықтардың жұмысын жүйелеуге бағытталған.

Президент Нидерланд үлгісі бойынша кооперацияны дамыту және өндіріс пен өткізу тізбегін тиімді құруға мүмкіндік беретін заң дайындауды тапсырды. Бұл азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ұсақ фермерлердің табысын арттырады әрі ауылдық өңірлердің экономикасын нығайтады, – дейді Жанат Момынқұлов.

Саясаттанушының бағалауынша, отырыс мемлекеттің формалды декларациялармен шектелмей, нақты әрекеттерге көшуге шынайы ниетін көрсетті. Қабылданған шешімдер экономиканы қолдауға, банк жүйесін нығайтуға және кәсіпкерлікті дамытуға жағдай жасауға бағытталған. Оның айтуынша, бұл биліктің қабылданған шаралардың орындалуын бақылауға және бизнес пен азаматтар үшін нақты нәтижеге қол жеткізуге дайын екенінің маңызды белгісі.

Өзгелердің жаңалығы