Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ саясаттану кафедрасының меңгерушісі, профессор Бағыш Габдулина Президенттің Мәжілісте сөйлеген сөзіне қатысты пікір білдірді.
Президенттің Парламент Мәжілісіндегі сөйлейтін сөзін барша қазақстандық ерекше талқылап, өзіндік ой түйіп отырғанын атап өтуге болады. Себебі Президент Қ.К.Тоқаев қоғамда қордаланған қайшылықты мәселелердің барлығына тоқталып, шешу тетіктері бойынша сала басшыларына тікелей тапсырма берді, - деді ол.
Профессор Бағыш Габдулина атап өткендей, Мемлекет басшысы еліміздің стратегиялық активтерді басқару, ұлттық компаниялар, жекешелендіру мәселесі, әскери сала, жалпы қоғамды шарпыған мәселелерге тоқталды. Барлық сала бойынша күрмеуі қиын күрделі проблемалардың астарында тамырын тереңге жіберген жемқорлықтың жатқанын, белгілі адамдар тобы қордаланған мәселелерді шешуге қарсылық танытуы қоғамдағы жалпы әлеуметтік-саяси ахуалдың нашарлауына, адамдардың тұрмыс деңгейінің төмендеуіне әкелгенін баса айтты.
Бұл - Қазақстанның саяси тарихындағы түбегейлі өзгерістің бастауы. Аса қуантарлық жәйт – елімізде алдыңғы қатарлы шетелдік 5 университеттің филиалын ашу, әсіресе инженерлік техникалық бағыттағы 2 оқу орнын Қазақстанның батыс аймағында ашуды, мемлекеттік білім беру грант санын ұлғайтуды, әсіресе халқы тығыз қоныстанған аймақтарға арналған грант санын өсіруді, сондай-ақ, білім саласына, оның ішінде мектеп мәселесіне ерекше мән беріп тоқталды. Мемлекет басшысының бұл ұсыныстары еліміздің адами капиталын нығайтатын, одан кейін кадр мәселесін шешетін маңызды шара, - деп айтты Бағыш Габдулина.
Саясаттанушы ендігі мәселе - Мемлекет басшысының тарапынан күн тәртібіне қойылған барлық іс-шараны бірігіп, бір кісідей жұмыла жүзеге асыруға атсалысу екенін айтты.