Мамандар саяхатшыларға чемоданға багаж жапсырмасын толтырғанда сақ болуды ескертті. Сарапшылардың айтуынша, кей ақпаратты жазу жеке деректердің ұрлануына немесе алаяқтыққа жол ашуы мүмкін. Қай деректерді жазуға болмайтынын және қауіпсіз жолмен қалай толтыру керегін біліңіз, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Есһо басылымына сілтеме жасап.
Қазан айындағы демалыс маусымы жақындаған сайын саяхатқа шығатын адамдар көбейіп келеді. Осы орайда саяхат мамандары багаж жапсырмасын дұрыс толтырудың маңыздылығын ескертті.
1st Move International компаниясының басқарушы директоры Майк Харви багаж жапсырмасын толтырғанда жеке деректердің қауіпсіздігіне мән беру керектігін айтты.
Жеке деректердің қауіпсіздігін сақтау мен сөмкені оңай тану арасында тепе-теңдік табу қажет. Артық ақпарат көрсету алаяқтық пен деректердің ұрлануына әкелуі мүмкін, - дейді ол.
Маманның айтуынша, жапсырмада тек ең қажетті ақпаратты көрсету жеткілікті.
Жазуға болатын деректер:
• Толық аты-жөніңіз (паспорттағыдай);
• Байланыс телефоныңыз;
• Электронды пошта мекенжайы.
Жазуға болмайтын деректер:
• Үй мекенжайы: сіздің жоқ кезде үй бос екенін ұрылар білуі мүмкін;
• Қымбат заттар: чемоданда не бар екенін жазу қажетсіз назар аудартады;
• Саяхат бағыты мен жоспары: маршрутыңызды жарияламаңыз;
• Құпия деректер: паспорт нөмірі, сақтандыру не әлеуметтік нөмірлерді жазуға болмайды.
Сондай-ақ чемоданға міндетті түрде құлып салу ұсынылады. Бұл багажды тасымалдау кезінде ұрлық қаупін азайтады және жеке заттардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Booking.com мәліметінше, құлыпталған чемодан жеке өмірді қорғап, бөгде адамдардың араласуын болдырмайды. Ал түрлі түстегі багаж құлпы немесе байланған бантик чемоданды багаж лентасында оңай тануға көмектеседі.