Сауытбек Абдрахманов: Ақ алғысымыздың айғағы

23 Наурыз 2019, 14:00
3049
Бөлісу:
Сауытбек Абдрахманов: Ақ алғысымыздың айғағы

Ақтөбе, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаты, "Nur Otan"  фракциясының мүшесі, Сауытбек Абдрахманов қала ғана емес, адам есімі берілген мемлекеттердің көп екендігін айтады.


"Астананың атын ауыстыру жөнінде бұрын жазғанмын да, айтқанмын да. 2011 жылы xалқымыздың ардақты ақсақалы Бәйкен аға Әшімовтен сұxбат алғанда бұл тақырыпты қозғаған едім, одан бұрын, 2008 жылы, Астананың 10 жылдығына орай  шыққан "Арайлы Астана" атты кітапта да айтқанмын. Бүкіл әлемде бұл баяғыдан қалыптасқан жай. Адамзаттың арғы-бергі тариxында xалықтар өзі құрмет тұтқан, ерекше еңбегі сіңген тұлғалардың атын қалаларға, тауларға, өзендерге, аралдарға, мүйістерге, бұғаздарға, теңіздерге беріп, есімін ардақтаумен келеді. Врангель аралы, Магеллан бұғазы, Дежнев мүйісі, Кук тауы, Гудзон шығанағы, Челюскин мүйісі, Кеннеди мүйісі, Беринг теңізі, Баренц теңізі деген сияқты атаулар толып жатыр. Адам аты берілген  мемлекеттер де баршылық – Колумбия сол құрлықты ашқан Христофор Колумбтың атына, Боливия сол елдің азаттығы үшін күрескен қолбасшы Симон Боливардың атына қойылған. Ондай тұтас империялар да болды. Мысалы, Осман империясы. Жеке адамның құрметіне аталып кеткен халықтар да бар. Өзбектер Алтын Орда ханы Өзбектің атымен, ноғайлар Алтын Орда заманында аты жер жарған қолбасшы Ноғайдың атымен аталған. Оны айтамыз, тұтас құрлық атышулы теңіз саяхатшысы Америго Веспуччидің құрметіне аталып отыр ғой. Адам аты қойылған қалаларды санамалап әуре болмай-ақ қояйық. Олардың арасында астаналары да аз емес", - деді Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов.

"Nur Otan"  фракциясының мүшесі әлем тарихынан да біраз мысал келтірді.

"Хрестоматиялық мысал – Вашингтон. Дүн-дүниедегі демократияның діңгегі делініп жүрген сол еліңіздің өзі тәуелсіздік алғаннан кейінгі астанасын сол қаланы салдырған, елге тәуелсіздік алдырған Джордж Вашингтонның құрметіне атады. Айтқандай, қаланың Вашингтон деп аталған жылына назар аударыңыз: 1791 жыл, яғни қаланың іргесі қаланғаннан кейін небәрі екі жыл өткенде! Америка Құрама Штаттарында Вашингтон штаты да бар, Вашингтон көлі де бар, Вашингтон аралы да бар, Вашингтон тауы да бар, тұңғыш президенттің құрметіне қойылған елді мекендерді, колледждерді, университетті, көшелерді, алаңдарды атамағанда! Ана жылы бізде Тұңғыш Президент күні белгіленгенде біраз жұрт: «Бұл қайдан шыққан мереке? Әлемде ондай мереке атымен жоқ қой» дескен. Арнайы мақала жазып, «Демократияның даңқты дәстүрлерінің діңгегі саналатын Америка Құрама Штаттарының өзінде Президент күні баяғыда белгіленгенін, ал ол күнге елдің тұңғыш президенті Джордж Вашинтонның туған күні алынғанын білмейміз немесе біле тұра білмеген боламыз. Бұл үшін АҚШ-тың арғы-бергі тарихын жілікше шағу шарт емес, Юрий Носовтың «Президент. Замечательные страницы американского президентства от Джорджа Вашингтона до Барака Обамы» атты кітабын оқып шығу да, Вашингтон туралы тараудағы «Он родился 22 февраля 1732 года, ныне этот день является в США государственным праздником» (49-бет) деген жолдарға зер салып жату да шарт емес, Интернетті шұқып қалу, тиісті ақпаратты анықтай салу жетіп жатыр» деуімізге («Ер жолы – ел жолы», «Егемен Қазақстан», 2013 жыл, 4 желтоқсан) тура келген. Жалпы, ел өміріндегі белесті оқиғаны мемлекет тарихында біржола бедерлеу дәстүрі  әлемде бұрыннан бар. Бүкіл өркениетті әлемнің салған жолымен жүрудің өзіне күдіктенудің, не нәрсеге де сезік-секеммен қарай берудің жөнсіздігін ұғынатын уақытымыз келгені күмәнсіз. Өзгелер жасағанды бізге неге жасауға болмасын?", - деді Мәжіліс депутаты.

Әлемдік тәжірибені қолдану әбестік емес. Ал, "Сұлтан" сөзін Сауытбек Абдрахманов бекзаттыққа балайды. 
  
"Оның үстіне ел астанасын ауыстыру Нұрсұлтан Назарбаевтың ең жақын әріптестерінің тарапынан да қолдау таппай тұрғанында, халықтың басым бөлігі «Айлық пен зейнетақыны жеткізе алмай жатқанда мұны қайдан шығарды тағы?» деп үрке қараған сын шақта тізеден басып тұрып, шешім қабылдаттырған қаласы,  жеке бастамасы, ешкім ортақтаса алмайтын төл идеясы, ұлы идеясы, тікелей өзі салдырған қаласы. Демек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл шешімі – халықтың ақ алғысының айғағы. Оның үстіне мына жайды да қадап айту керек. Астанамыздың аты Нұрсұлтан емес, астанамыздың аты – Нұр-Сұлтан қаласы. Адам есімін сол күйінде қоя салу емес бұл. Елбасымыздың әрі мағыналы, әрі әуезді есімін ала отырып, есімнің мәнін тереңдету бұл. Сұлтан сөзі мұсылман елдерінде билік лауазымының аты. Сұлтан сөзі төл тілімізде бекзаттықтың бір баламасы. Асыл азаматтыққа сүйсінгенде «жігіттің сұлтаны» дейтініміз содан. Демек, енді біздің еліміздің астанасының мағынасы нұрлы бекзаттық та болып шығады. Әрі келер замандардағы ұрпақтарымыз да Қазақ елі астанасының  аты мемлекеттің Тұңғыш Президентінің, осы қаланы өзі салдырған адамның – Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне қойылғанын да дәйім есте ұстайтын болады",  - деді Сауытбек Абдрахманов.

Өзгелердің жаңалығы