Қырғызстандағы сайлау. Ел көшеге шығып кетті

5 Қазан 2020, 22:22
2576
Бөлісу:
Қырғызстандағы сайлау. Ел көшеге шығып кетті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 4 қазанда өткен сайлау нәтижелерімен келіспеген демонстранттар Бішкекте Қырғызстан парламенті – Жогорку кенеш ғимараты мен Президент әкімшілігі қоршауынан секіріп кірмекке талпынды. Демонстранттар ғимарат ауласына бөтелке, тас лақтырды.

Басында тәртіп сақшылары оларға кедергі келтірмеген. Азаттықтық Қырғыз қызметінің хабарлауынша, артынша полиция жиналғандарды резеңке оқ, жас ағызатын газ қолданып, күшпен таратқан.

Полиция мен арнайы жасақ қызметкерлері арнайы автокөлік және иттердің көмегімен демонстранттарды екіге бөліп жіберген. Азаттықтың Қырғыз қызметінің тікелей эфирінен жарақат алған, түтінге тұншыққан адамдар байқалады.

Ала-Тоо алаңындағы оқиға кезінде "Ата Мекен" партиясының атынан сайлауға түскен кандидат Жанар Ақаев жарақат алды. Бұл туралы Ақаевтың көмекшісі Орозбек Муратов хабарлады. Оның айтуынша, аяғынан жараланған Ақаевты ауруханаға жеткізу үшін жедел жәрдем шақырылған. Интернетте жарияланған видеода Ақаевты бірнеше адамның көтеріп бара жатқаны байқалады.

Қырғызстан Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз хатшысы Жылдыз Айгерчинованың айтуынша, Ала-Тоо алаңында митингіге шыққандарды тарату кезінде күш құрылымдарының екі қызметкері жараланған, екеуінің де миы шайқалған. Оларды жедел жәрдем қызметі ауруханаға алып кетті.

Алдын ала нәтижелерге қарасақ, 7 пайыздық межеден өткен төрт партия Қырғызстанның 120 орындық парламенті – Жогорку кенешке депутат жіберу мүмкіндігіне ие болған.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстаннан да Қырғызстандағы сайлау барысын бақылауға арнайы делегаттар барған.

Өзгелердің жаңалығы