Атыраудағы бастауыш сынып оқушысы саусақ фалангасынан айырылды. Оқыс жағдай кішкентай қыздың дене шынықтыру сабағында жүрген уақытында болған. Баланың ата-анасы келеңсіз оқиғаға білім ордасының әкімшілігін кіналап отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оқыс жағдай орта мектеп алдында болған. Мектеп қабырғасында жүрген 7 жасар қыз сыныптастарымен дене шынықтыру сабағы кезінде далаға шыққан. Ауыр темір құрылғыға қолын қысып, абайсызда екі саусағының фалангасы түсіп қалыпты.

Қызым осында бірінші сынып оқиды. Балалардың дене шынықтыру сабағы нысанның ішінде өту керек. Бірақ олар далаға шыққан. Ойнап жүрген кезде қызым мына жердегі жаттығатын темірге саусақтарын қысып алады. 2 саусағын қысқан. Екі қолындағы бір саусақтан қысқан. Бір қолындағы бір саусағының фалангасынан айырылып қалады, сол жерде түсіп қалған. Екінші қолдың фалангасы терісіне ілініп тұрды. Дәрігерлер оны тігуге келмейді дейді. Мен сол жерде жалынып, тым болмаса сол бір саусағын тіккіздік. Бірақ бітіп кетуі бір 10 процент қана деді. Бала 10 күн ауруханада жатып шықты. Қазір күнде емге апарып жүрміз. Мына тұрған жерді біздің осы жағдай болғаннан кейін , өзіміз айтқасын ғана қоршады. Мына жерде ешқандай ақпараттық белгі жоқ. Ересектерге арналған деген жазу да жоқ. Айналадағы бағандар да қисайып жатыр. Балалар үшін қауіпті бұл аймақ. Бір жұмыс істелу үшін міндетті түрде біреу зардап шегу керек пе? Жауапты адамдарға шара қолданылсын. Директор басын алып қашып тұр. Бірақ ол кісі де жауапты. Бәрі бақылауында болу керек қой,- дейді зардап шеккен қыздың анасы Нұргүл Тәкенова.
Бастауыш сынып оқушысының ата-анасы не істерін білмей дал. Үйінен сап-сау кеткен баланың мұндай жағдайға тап болғанына мектеп әкімшілігін кінәлайды. Мұндай оқиға бұған дейін де болған көрінеді. Бірақ білім ордасындағылар содан бері еш шара қолданбапты.
Мұғалім келіп, арыз жазбаңыз деді. Полиция да шақырмаған. Жедел жәрдемді ғана шақырып, жылы жауып тастағысы келген. Бұған дейін де болған жағдай. Мен әлеуметтік желіге жариялағанда, бұған дейін зардап шеккен екі баланың ата-анасы хабарласып, маған фотоларын жіберді. Олар да дәл солай осы жерде қолдарын қысып алған. Оны мектеп әкімшілігі біледі. Бірақ ешқандай шара қолданбаған. Қызым бұл туралы ешкімге айтпа деп жылайды. Түнде шошып оянады. Ауруханада жатқанда да жалғыз жатты басында. Қиын болды. Қатты қорықты. Онлайн телефон арқылы ғана тыныштандырып жүрдім күнде. Кейін дәрігерлерге жалынып, әйтеуір соңғы 3 күн қалғанда қасына жатуға рұқсат берді. Кенже қызым. Үлкендері музыка академиясына барады. Қобызбен айналысады. Бұл қызымды да сол қобызға берем деп жүр едім. Енді мына жағдайдан кейін ештеңе жоқ. Мектеп басшылығы ешқандай да көмек көрсеткен жоқ. Көмек көрсетеміз, мұғалімдерден ақша жинаймыз деді. Мұғалімдер қанша жинап береді, сол сумманы береміз деді. Онымен ол ақшаларыңыз ешқайда да жетпейді дедім. Қызымды Ресейге, Индияға барлық жаққа апаруым керек. Шетелдіктермен сөйлестім. Бала 18-ге толғанда ғана жасайды екен,-дейді Нұргүл Тәкенова.
Қыздың әкесі мұндай алаңның мектептің қасында болмауы керектігін айтады. Қауіпсіз болмаса алып тастау керек деп отыр.
Ата-ана ретінде айтарым, мұндай нәрсе мектептің қасында болмау керек. Бала түгілі бұл үлкен адамдарға да қауіпті. Осыған бір шара қолданылса деймін. Мектептің теңгерімінде жоқ екен. Біз сұрастырғанда солай дейді. Бұл бірінші оқиға емес. Бұған дейін де болған. Баланы сабаққа жібергенде, біз сап-сау күйінде жібереміз ғой. Түске жақын осындай хабар келді. Алаңдар қауіпсіз, қоршаулы болу керек. Баламыз саусағынан айырылып қалып тұр. Қолымыздан ештеңе келмейді енді,- дейді мектеп оқушысының әкесі Абзал Хаудин.
Мектеп директорының міндетін атқарушы барлық жауапкершілікті тек мұғалімге ысырып қойған. Сонымен қатар спорт алаңы мектеп теңгерімінде болмағасын, оған да қатысымыз жоқ деп отыр.
Бұл мемлекеттік мектеп болғасын ол әкімдіктің атынан жасалатын нәрелер. Біз оны өзіміз салмаймыз. Олар 2019 жылы жасады. Бірақ біздің теңгерімге берген жоқ. Ең алдымен әкімдік білім бөліміне беру керек. Кейін бізге берілу керек. Бірақ ондай жағдай болған жоқ. Кілттеулі тұрды бәрі. Осы уақытқа дейін тұра бермейді ғой. Біз оны жауып қоя алмаймыз ештеңемен. Мына жердегі халықтың да баратын жері жоқ, осы жақтың тұрғындары да келеді. Балалар ойнайды. Бұл жердегі мектептің қателігі, бастауыш сынып мұғалімі балаларды бұл жерге әкелмеу керек еді. Ол бойынша мен барлық жиналыстарда айтып отырамын. Міндетін атқарушы болсаңыз да жұмыстың бәрін ұстаздарға жеткізіп отырамыз. Балалардың өзі осында ойнағысы келген ғой. Сосын келген ұстаздарымен. Келеңсіз жағдай болып қалды. Тікелей мұғалім кінәлі болғандықтан өз тарапымыздан ескертуін жасадым. Бұған дейін де жағдай болды деп тұрсыздар, ол бойынша мәселені білім бөліміне жеткізгенбіз. Оған дейін ата-аналар өздері де баламыздың шапшаңдығынан деп, бізге ештеңе деген жоқ. Дегенмен жан-жақты көмектестік. Бұл жерде мұғалімнің кінәсі. Енді заңды шешімін табады деп ойлаймыз,-дейді Ж.Нәжімеденов атындағы № 2 орта мектеп директорының міндетін атқарушы Жанна Құлбатырова.
Атырау қаласы әкімдігінің өкілдері қазір ол ойын мен спорт алаңын мектеп теңгеріміне беру бойынша құжаттар жасалып жатқанын жеткізді. Жалпы Атырау қаласы бойынша қауіпті ойын алаңдары жоқ дегеннен тайынбады.
Қазір құрылыс бөлімінің теңгерімінде. Жер құжаттарына байланысты қазір теңгерімге беру бойынша кезең-кезеңімен жұмыстар жүріп жатыр. Дәл осындай алаң екі мектепте орналасқан. Жоғары сынып оқушыларының шұғылдануы үшін салынған болатын. Басқа сынып балалары қолданса да ол міндетті түрде мұғалімдер қауіпсіздік ережелерін түсіндіру керек. Жалпы Атырау қаласы бойынша жалпы спорттық және балалар ойына алаңының саны бірдей жобаланады. 2024 жылы 25-сі қолданысқа берілсе, 2025 жылы 15 ойын алаңы мен спорт алаңы салынып жатыр. Бәрі сапалы спорт алаңдары деп айта аламын, - дейді Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Ғасырбек Төлеген.
Оқушы қыздың алған жарақаттарына байланысты Атырау қалалық полиция басқармасы қылмыстық кодекстің 141 бабы 1 бөлігіне сәйкес, яғни кәмелетке толмағандардың өмірі мен денсаулығына қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындамау дерегімен қылмыстық іс тіркеп, кешенді тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды дейді құзырлы органдағылар.