Түркістан облыстық мәслихатының кезекті он жетінші сессиясы өтіп, сессия жұмысында 21 мәселе қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сессияға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, қала, аудан әкімдері мен облыстық қоғамдық ұйымдар төрағалары және БАҚ өкілдері қатысты. Сессия жұмысын облыстық мәслихат хатшысы Қ.Балабиев жүргізді.
Облыс әкімі Д.Сатыбалды өзіне сенім артып, қолдау білдіргендері үшін депутаттарға алғысын айтты. Ел Президентінің Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты кезекті Жолдауындағы тапсырмаларға тоқталды.
Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында бірқатар нақты тапсырмалар берді. Негізгі бөлігі еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған. Жолдау жүктеген жауапкершілік зор. Алдымызда Жолдаудағы айқын бағыттарды іске асыру міндеті тұр. Түркістан облысы – еліміз бойынша халқы ең тығыз орналасқан әрі ынтымақ-бірлігі жарасқан өңір. Өңірде халықтың өмір сапасын жақсарту мен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша алдымызда атқаратын ауқымды шаралар жеткілікті. Сондықтан алға қойған мақсаттар мен міндеттерді жүйелі түрде орындауымыз қажет,-деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Жетінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың кезекті он жетінші сессиясында Түркістан облысының Қазығұрт, Отырар және Сауран аудандарының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері қаралды. «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» заңға сәйкес, облыстық ономастика комиссиясының қорытындысы негізінде, халықтың пікірі ескеріле отырып, Түркістан облысы Сауран ауданы Ескі Иқан ауылдық округі аумағынан елді мекен құрып, оған «Мәшһүр Жүсіп» атауы берілетін болды.
Сессия отырысында Түркістан облысының мәдениет басқармасы басшысының басқармаға жүктелген міндеттер мен функциялардың атқарылуы жөніндегі басқарма басшысы Ә.Қойлыбаевтың есебі, облыстық жер қатынастары басқармасының ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жүргізілген түгендеу жұмыстары бойынша басқарма басшысы Е.Тілегеннің есебі тыңдалды. «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау туралы» шешіміне өзгеріс енгізу туралы мәселе қаралып, бұл жөнінде облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Р.Ибрагимов баяндама жасады. Күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі «2022-2024 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» облыстық экономика және стратегиялық даму басқармасының басшысы Қ.Қайыпбек баяндама жасады.
Сессия жұмысында мәслихат депутаттары 21 мәселені қарап, тиісті шешімдер қабылдады. Сессия отырысында облыс әкімі бірқатар азаматтарды облыстың қоғамдық өміріне белсене қатысқаны және әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен, Түркістан облысының Құрмет Грамотасымен, «Үздік депутат» төсбелгісімен марапаттады.