Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары-Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
БАҚ өкілдері шенеуніктен: «Отандық өнімді қолдауға шақыратын ведомство басшысы болғандықтан өзіңіз отандық өнімді тұтынасыз ба? Мәселен, үстіңіздегі киіміңіз отандық брендтен бе?» деп сұрады.
«Бірдеңе дұрыс емес пе?!» деп күле жауап берген министрге журналистер оның қаншалықты патриот екендігін және отандық өндірушілерді қалай қолдайтынын білгілері келетіндіктерін жеткізді.
Менің ұстанымым мынандай: сіздер біле жүрсеңіздер екен, мен жеке басыма қатысты сұрақтарға жауап бермеймін. Бұл жерге жұмыс істеуге келдім, менің лауазымдық міндеттерім бар. Соған қатысты кез келген сұрақтарыңызды қойсаңыздар, жауап беруге дайынмын. Жеке басыма, отбасыма және өзіме қатысты сауалдарды құпия қалдыруға рұқсат етсеңіздер, - деді Серік Жұманғарин.
Еске сала кетейік, бұған дейін министр елдегі инфляция, бағаның тұрақтылығы мен пияз бағасына қатысты пікір білдірген болатын.
Баға қазіргі уақытта тұрақтанды. Әрине, сіздер айтпасаңыздар, пияз мәселесін адам білмейтін еді. Бірақ БАҚ-тың сондай күші бар. Пияз деген жетеді. Экспортты жауып тастадық. Пияз деген Қазақстанда жеткілікті, - деді ведомство басшысы.