Сауда министрі уақыт белдеуіне қатысты мәлімдеме жасады

Бүгiн, 11:10
441
Бөлісу:
Сауда министрі уақыт белдеуіне қатысты мәлімдеме жасады
Фото: pixabay.com

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев қазақстандықтар үшін неге UTC+5 сағат белдеуі дұрыс екенін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Өздеріңіз білетіндей, осы жылы 19 қаңтарда  "Уақытты есептеу тәртібі туралы" Үкімет қаулыға өзгеріс енгізу арқылы, ел аумағында UTC+5 сағат белдеуін қолдану туралы шешім қабылдады. Бұл шешім – Қостанай және Қызылорда облыстары азаматтарының бірнеше жыл бойы осы мәселені көтерген көптеген өтініштерін ескере отырып қабылданды, – деді министр үкімет отырысында.

Шаққалиев уақыт белдеуін өзгерту жөніндегі шешімнің қалай қабылданғанын айтты.

Шешім қабылдау кезінде құрамында Парламент депутаттары, мемлекеттік және жергілікті органдардың өкілдері, ғалымдар, сарапшылар, институттар мен қоғамдық бірлестіктерден құралған 60 адамнан тұратын Уақытты есептеу тәртібі бойынша арнайы құрылған ведомствоаралық жұмыс тобының есебінде көрсетілген ғылыми негізделген дәлелдер пайдаланылды, – деді Арман Абайұлы.

Сауда министрінің сөзінше, UTC+5 сағаттық белдеуін IANT ұйымы қолдаған.

Табиғи уақытты жақтаушылардың халықаралық альянсы (IANT) Қазақстан Үкіметінің орталық және шығыс облыстар үшін географиялық бойлыққа сәйкес келетін және оңтайлы шешім болып табылатын UTC+5 сағаттық белдеуін белгілеу туралы шешіміне оң қорытынды берді, – деді министр.

Министр қазақстандықтар тарихи уақытына қайтып оралғанын айтады.

Көптеген аумақтың қазірдің өзінде 5-сағаттық белдеуде орналасқанына қарамастан, UTC+5 біздің еліміз үшін жаңа белдеу емес, керісінше, тарихи тұрғыдан негізделген уақытқа қайтып оралу болып саналады. Бұл белдеу 67,5-тен 82,5 градусқа дейінгі бойлықтарды қамтиды, оған Астана, Алматы, Петропавл, Өскемен, Шымкент, Семей және Павлодар қалалары кіреді, яғни ел халқының 76%-дан астамы (15 млн 240 мың адам) тұрады, – деді Шаққалиев.

Бүгінгі күні әлемнің 195 елінің 117-сі географиялық уақытты, яғни стандартты сағаттық белдеуге барынша жақын уақытты таңдаған. Себебі адамның циркадтық ырғағы табиғи күн жарығының циклымен үндеседі.

Бұл мәселеде арнайы білімі жоқ кейбір адамдар күнделікті қажеттіліктеріне ыңғайлы болуын алға тартып, әлеуметтік желілерде теріс пікір қалыптастыруға тырысып жатыр. Алайда, олар ұзақ мерзімді келеңсіз салдарларды, соның ішінде халықтың денсаулығы мен экономикаға әсерін түсінбестен, ойдан шығарылған болжамдар мен тұжырымдар жасауда. Петицияны қарау бойынша жұмыс тобы барлық тұрмыстық аргументтерді қосымша зерттеп, денсаулық пен экономикаға теріс әсер ететін себеп-салдарлық байланыстарды анықтамады, – деді Арман Абайұлы.

Ол сағат белдеуін өзгерту туралы қабылданған шешім ғылыми негізделгенін атап өтті.

Петицияны қарастырудың нәтижесінде стандартты сағат белдеуіне максималды бейімделу жағдайларын жасауға бағытталған үәкілетті тиісті мемлекеттік органдарга айқын ұсыныстар мен тапсырмалар берілді. Осылайша, сағат белдеуін өзгерту туралы қабылданған шешім ғылыми негізделген, – деді Сауда министрі.

Еске салсақ, Мақсат Толықбай сағат ауысуының зардабы туралы "Желмая" жобасында айтқан болатын. Сонымен қатар, Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл бірыңғай уақыт белдеуіне қатысты ойын айтқан еді. Уақыт белдеуінің ауысуы энергия тұтынуға әсер етіп жатыр ма деген сауалған министрлік жауап берген болатын. Сондай-ақ уақыт белдеуі мектепке қалай әсер етіп жатқаны туралы материалды да оқи отырыңыздар.

Өзгелердің жаңалығы