Үкімет кулуарында премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Ауғанстанмен сауда жандана бастағанын айтты, деп хабарлады BAQ.KZ тілшісі.
Қазіргі таңда Қазақстан Ауғанстанмен ынтымақтастық орнатып, сауда жасауда. Жұманғариннің сөзінше, сауда құны- 1 млрд долларға жеткен. Министр көлемі Әзербайжан және Түркіменстаннан көп екенін де атап өтті.
Бізде бидай, ұн, күнбағыс майының көлемін арттырудың нақты болашағы бар. Бұл мүмкіндіктен неге бас тартуымыз керек? Себебі бұл мемлекетімізге пайда әкеледі, - деді Серік Жұманғарин Үкімет отырысынан соң.
Ол Ауғанстанда сауда үйі ашылғанын айтты.
Онда өкілді тағайындадық. Ол барлық жұмысты үйлестіреді. Өйткені Ауғанстан – үлкен және әртүрлі. Жергілікті кәсіпкерлермен танысып, нарықты зерттеу керек, - деді Сауда министрі.
Серік Жұманғарин елімізге ауған кәсіпкерлерін шақырғысы келетінін айтты.
Мен осында ауған бизнесмендерін шақырып, бизнес-форум өткізгім келеді. Олар Қазақстанды және мұнда мүмкіндік барын көруге тиіс. Соңғы рет біз ол жаққа азық-түлік сатадындарды ғана емес, жер қойнауын пайдаланушыларды да апардық. Себебі Ауғанстан – пайдалы қазбаға өте бай ел. Олар қызығушылық танытты, - деді министр.